
ПОЧТА ПРОФСОЮЗА
Бірінші мамандығым – Химия және биолгия пәнінің мұғалімі, екінші мамандығым – Құрылыс техника және технологиялар бакалавры. Екінші мамандығым бойынша 2007 жылдан осы уақытқа дейін колледжде өндірістік оқыту шебері қызметін атқарып келдім. 2023 жылғы 31 тамызда осы лауазым бойынша «педагог-сарапшы» біліктілік санаты берілді.
2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап лауазымым өзгеріп, химия және биология пәнінің оқытушысы қызметіне ауыстым. Осыған байланысты, өндірістік оқыту шебері ретінде алған біліктілік санатым (педагог-сарапшы) жаңа лауазымымда химия және биология пәнінің оқытушысы ретінде сақтала ма?
Педагогтарға біліктілік санатын беру, оны растау тәртіптері «Педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығымен (әрі қарай - Қағидалар) реттеледі.
Қағидалардың 31-тармағына сәйкес «Педагог (оқытушы)», "бөлімше «(бөлім) меңгерушісі (басшысы)», «өндірістік оқыту шебері», «аға шебер», «әдіскер», «педагог-ұйымдастырушы» лауазымдарының бірі бойынша берілген біліктілік санаты аталған лауазымдардың кез келгеніне ауысу және қоса атқару немесе қоса атқару шарттарында педагогикалық қызметті жүзеге асыру кезінде сақталады.
Сіздің жағдайда, жоғарыда көрсетілген Қағидалардың 31-тармағы негізінде өндірістік оқыту шебері лауазымы бойынша берілген педегог-сарапшы біліктілік санаты химия-биология пәнінің оқытушысы лауазымына сақталады.