АҚТӨБЕДЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ
Бүгін «Білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік әріптестіктің өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шараны Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы мен Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымдастырды.
Семинар-кеңеске салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева бастаған Орталық аппарат өкілдері, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының оқу-әдістемелік жұмыс департаментінің бас маманы Гүлден Мұхамбетжанова, сондай-ақ төрағалар, білім басқармасының және білім бөлімдерінің өкілдері, орта білім беру және мектепке дейінгі ұйымдарының басшылары, кәсіптік-техникалық және қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, орынбасарлары, кадр қызметкерлері, заңгерлер, келісім комиссиясының мүшелері қатысты. Барлығы 150-ге жуық адам бас қосты.
Семинардың ашылуында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова әлеуметтік әріптестіктің еңбек қатынастарын тұрақтандырудағы және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Облыстық ұйым көшбасшысы мұғалім еңбегін бағалау, әділ еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мен кәсіби дамуға мүмкіндік жасау кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті екенін айтты.
Раушан Серікова әлеуметтік әріптестік жүйесі еңбек ұжымдары, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікке негізделуі тиіс екенін, сондай-ақ мұндай кездесулер тәжірибе алмасу мен тиімді серіктестік тетіктерін дамытуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева өз сөзінде әлеуметтік әріптестікті дамыту мен еңбек адамының құқығын қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
– Құрметті әріптестер, бүгінгі семинар – саладағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға және әлеуметтік әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды алаң.
2025 жыл – кәсіподақ қозғалысы үшін ерекше жыл. Биыл Қазақстан кәсіподақтарының құрылғанына 120 жыл, салалық кәсіподаққа – 100 жыл, Кәсіподақтар федерациясына – 35 жыл толып отыр. Бұл – әділдік пен бірлікті ту еткен ортақ тарихымыз, – деді ол.
Айгүл Мұқашева Мемлекет басшысының бастамаларына тоқталып, «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы еңбек адамын қолдаудың маңызды қадамы екенін айтты. Сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялау – кәсіподақтардың ұзақ жылғы еңбегінің нақты нәтижесі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы педагог мәртебесін көтеру және ұстаздардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл кәсіподақ қызметінің басты бағытымен үндес. Мұғалім еңбегін әділ бағалау – қоғамның тұрақтылығы мен сапалы білімнің кепілі, – деді Айгүл Мұқашева.
Ол ұстаздардың кәсіби дамуына, еңбек жағдайын жақсартуға және әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар Айгүл Мұқашева салалық кәсіподақтың осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары жөнінде қысқаша атап өтті.
– Кәсіподақ – еңбек адамының сенімді тірегі мен қорғаушысы. Біздің мақсатымыз – әділдік пен ашықтық қағидаттарын ұстана отырып, әр мүшенің құқығы мен мүддесін қорғау. Бірлігіміз мықты болса – еңбегіміз де еленеді, мәртебеміз де биіктейді, – деді салалық кәсіподақ төрағасы.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысы Бұлбұл Бисембаева әлеуметтік әріптестіктің білім сапасына тигізетін оң ықпалын атап өтті.
– Әлеуметтік әріптестік – бұл тек еңбек қатынастарының жүйесі емес, сонымен бірге білім беру сапасына, педагогтардың кәсіби дамуына, ұжымдағы тұрақтылық пен сенімге әсер ететін маңызды тетік. Осындай семинарлар тәжірибе алмасуға және кадрлық саясатты жетілдіруге зор мүмкіндік береді, – деді ол.
Сонымен қатар Бұлбұл Бисембаева кәсіподақтың ұстаздарды қолдау, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстарына ризашылығын білдірді.
Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева «Әлеуметтік әріптестіктің өзекті мәселелері» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Райхан Қыдырбаева өз сөзінде еңбек қатынастары саласындағы өзгерістер, еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және кәсіподақтың осы бағыттағы атқарып жатқан жұмыстары жайлы жан-жақты әңгімеледі.
– Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау кәсіподақ қызметінің өзегі болып қала береді. Біз келісім комиссияларының жұмысын жандандыруға, еңбек дауларының алдын алуға және мүшелеріміздің құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше мән береміз. Әрбір қызметкер өз құқығын біліп, оны қорғауға дайын болуы тиіс, – деді ол.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының оқу-әдістемелік жұмыс департаментінің бас маманы Гүлден Мұхамбетжанова өз сөзінде педагогтарды аттестаттау жүйесіндегі жаңашылдықтарға тоқталды.
– «Ұстаз» ұлттық платформасы педагогтардың кәсіби дамуын бағалаудың әділ әрі заманауи жүйесін ұсынады. Бұл платформа мұғалімдердің еңбегін нақты көрсеткіштер арқылы бағалап, олардың кәсіби өсуіне серпін береді. Қазіргі ұстаз – үздіксіз дамитын, жаңашылдыққа ашық тұлға. Сондықтан кәсіби қолдау мен әділ бағалау жүйесі – біздің басты басымдығымыз, – деді Г.Мұхамбетжанова.
Гүлден Мұхамбетжанованың айтуынша, жаңа аттестаттау жүйесі педагогтардың кәсіби әлеуетін арттырумен қатар, олардың қоғамдағы мәртебесін нығайтып, үздік тәжірибелерді таратуға зор мүмкіндік береді.
Семинардың екінші бөлімінде қатысушылар пікір алмасып, еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелер мен келісім комиссияларының тәжірибесін талқылады. Педагогтардың кәсіби мәртебесін көтеру, құқықтық сауаттылық пен әлеуметтік қорғау тетіктері жан-жақты сөз болды.
Қатысушылар мұндай семинарлардың кәсіподақ қызметін дамытуға, ұйымдар арасындағы байланысты нығайтуға және әлеуметтік әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін атап өтті.
-
Фотографии
-