ПЕДАГОГТАР МӘСЕЛЕСІ КӘСІПОДАҚ ПЛЕНУМЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының Шу аудандық комитетінің ІІІ Пленумына Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Жиында Филиал төрағасы Аида Бекмурзина 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шарттағы көрсетілген міндеттердің орындалуына тоқталды. Аудандағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 89 болса, ондағы мүшелер саны – 5497. Өткен жыл ішінде әлеуметтік әріптестік комиссиясының 1 отырысы, жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссиясының 1 отырысы өткен.
- Білім беру мекемелерінің қызметін ұйымдастыру, сала өкілдерінің еңбек қатынастарында туындаған мәселелерін құқықтық реттеу бойынша әлеуметтік әріптестік аясында бірлескен түрде көп күш жұмсалып, нақты шараларды жүзеге асыра білдік. 2025 жылы аудандық комитетке кәсіподақ мүшелерінен 21 жазбаша өтініш түссе, жеке қабылдауда 388, телефон арқылы 674 адам болып, барлығына жауап берілді, - деді ол.
Ал білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев педагог мәртебесі, педагог әдебі мен ауданда күрмеуін күткен күрделі мәселелерге тоқталып, мұғалімдердің жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында Ұжымдық шартта көзделген нормаларды басшылыққа алып жұмыс істеуге, білім сапасын арттыруға мүдделі екенін жеткізді. Жергілікті кәсіподақ тарапынан сүйемелдеу болса деген ниетпен бірқатар ұсынысты назарға алуды ұсынды. Ол мекеме басшыларын аттестациялау 3 жылдан 5 жылға шегерілсе, мектеп директорларының жалақысы арттырылса, кітапханашылар педагог лауазымына теңестірілсе деген ұсыныс жасады.
Жиында Е.Бекмаханов атындағы орта мектеп директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Айша Төлеуова мен Төле би атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Камила Жамбершиева өз жұмыстары туралы баян етті. Ал Е.Бекмаханов атындағы орта мектеп мұғалімі, жастар қанатының белсенді мүшесі Бексұлтан Бахыт Ұжымдық шарт нормаларының жастарға берген тиімді тұстарын атап өтті. Оның айтуынша биылғы оқу жылында аудан мектептеріне 75 жас маман қабылданса, оның 15-і мемлекеттік әлеуметтік сүйемелдеуге ие болған. Жас педагогтарды қолдау мақсатында GPA 3,33 балдан төмен емес оқу нәтижесімен бітірген, сертификаттаудан өткен 3 жас маман М.Әуезов, Д.Қонаев және Абай атындағы орта мектептерге конкурссыз жұмысқа қабылданған.
Жиында айтылған ұсыныстар мен сұрақтарға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жауап бере отырып, Ұжымдық шарт аясында облысымызда жүзеге асырылған жұмыстарды тарата айтып берді. Сондай-ақ, Ұжымдық шарт нормалары бойынша Шу ауданында орындалмай қалған мәселелерді шешуді аудандық білім бөлімі басшысына ұсыныс етіп қойды.
– Жиында мәселені айтып қоя салу жеткіліксіз. Біз осы жүздесуде проблемалардың шешілу жолын да айтуымыз керек. Ұжымдық шартта көзделген нормалардың көпшілігі орындалды. Енді орындалмай қалған мәселелерді бірлесе шешуіміз қажет. Ал Шу ауданында шартта көзделген пән бірлестігі жетекшілеріне, іс-жүргізушілер мен хатшыларға қарастырылған төлемақы төленбеген. Осы нормаларды орындауға күш салынса. Біз өз тарапымыздан ауданда көтерілген бастамаларды облыс деңгейінде қолдауға дайынбыз, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев Пленумда айтылған міндеттерді орындауға уәде етті. Пленум барысында қаулылар қабылданып, 2026 жылдың қаржылық сметасы бекітіліп, кездесу соңы марапаттауға ұласты.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фотографии
-