ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Осы бір сырты да, ішкі дүниесі де келіскен жанмен 1999 жылдан бері таныспын. Ұлы Абай «іші алтын, сырты күміс» деп өлеңге емес, тұлғаға арнап айтқандай.
Біз Ақтау қаласындағы «13 гимназия» КММ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Жұлдызбаев Әмин Ізтұрғанұлы туралы сөз қозғағалы отырмыз. Ағаймен танысқан кезімізден бері Әмин Ізтұрғанұлы өзін нағыз педагог, тәрбиеші ретінде көрсетіп келеді. Бір назар аударарлығы ұстаздық жолын 1981 жылы бастаған, 1997-1998 оқу жылынан бері аталған гимназияда тапжылмастан, үзіліссіз бүгінгі таңға дейін еңбек етіп келеді.
Қазіргі замандағы кадрлардың ауысқыштығы жиіленген кезде өз мамандығына адалдығы, тұрақтылығы, көптеген әріптестеріндей мамандық ауыстырып басқа салаға кетпегендігі өз мамандығын дұрыс таңдағандығын көрсетеді. Қырық жылдан бері қарапайым мұғалімдіктен ауытқымауы оның мамандығына деген сүйіспеншілігін байқатады. Мектептерде ер мұғалімдер аз кезде, осынша уақыт мектептен ауытқымай тер төккен ер мұғалім ретінде басқаларға үлгі көрсетуде.
Әмин Ізтұрғанұлы тек қана қарапайым мұғалім емес, озат мұғалім, алдыңғы қатарлы іскер мұғалім. 2003-2015 жылдар аралығында ҰБТ қортындысында оқушылары қаза тілі мен әдебиет пәндерінен облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш берді. Бұл-оның әдістемелік шеберлігінің өз пәнін жете меңгергендігінің айғағы.
Әмин Ізтұрғанұлы Жұлдызбаевтың әдістемелік озат тәжірибесін 2013 ж. облыстық оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығы «Қазақ тілі мен әдебиет мұғалімдерінің үздік сабақ жоспарлары» жинағына енгізсе, Облыстық білім басқармасы 2014 ж. обылысқа таратты. Әмин Жұлдызбаев Маңғыстау облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының 2008, 2009, 2014 жылдардағы ауысымдарында озат мұғалім ретінде дәріс берді.
Әр жылдары оқушысы Бекболат Төлегенұлы республикалық ғылыми жарыс байқауында 2 – орын алса, ұлы әрі оқушысы Думан Жұлдызбаев Қарағанды, Айда Тұрғанбаева Павлодар қаласында өткен Республикалық пәндік олимпиадаларға қатысты. Талай оқушылары қалалық ,облыстық байқауларда жүлделі орын алды. Республикалық «Абай оқуларының» «Ұлылар әлемі» номинациясынан Арыстанова Ақбота 3 -орын, республикалық III «Абайтану» олимпиадасында қатысып «Алғыс хатқа» ие болды.
Оқушыларын шығармашылыққа үйрету бағытында жаңашылдықпен жұмыс жасай отырып, әдебиет пәнінің мұғалім ретінде 1998-2011 жылдар арасында гимназия мектебінде оқушылар арасында ақпараттық әдеби «Шәкірт ойы» қолжазба журналын шығарып тұрды. Бұл журнал ай сайын жүйелі түрде шығарылған, облыс бойынша бірден-бір басылым болды. Журналда оқушылар жазған өлең, әңгіме, шығармалар т.б жарияланып отырылды. Бұл аталғандардың бәрі Әмин Жұлдызбаевтың осы мектептегі 26 жылында бітірген шаруаларының бір тамшысы ғана. Жақында Әмин Ізтұрғанұлы 63 жасқа толып, зейнеткерлікке шықты. Ұлағатты ұстазға деніңіз сау болсын, оқушыларға берген біліміңіз бен тәрбиеңіз ұмытылмайды дегіміз келеді. Сіздің алдыңыздан өткен мыңдаған шәкірттеріңіз өздерінің сүйікті ұстазына риза болып, рахмет айтары сөзсіз.
Р.Смағұлқызы,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, «13 гимназиясы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.