АТЫРАУДА ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР СЪЕЗІ ӨТТІ
Бүгінгі өткен облыстық ардагерлер съезінде Атырау облысы Білім басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, білім саласы ардагерлерінің төрағасы Қилымғали Қайненов, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы сөз сөйлеп, форумға қатысушыларды қызу құттықтады.
Облыстық салалық кәсіподақтар ұйымының Төрағасы бұл бағытта атақарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп былай деді: «Иә, зейнеткер жасына жеткен, өмір бойы тынымсыз еңбекпен шұғылданған адамды біздің қоғамда еңбекке қабілетсіз деп таниды. Осы сұрақ мені үнемі мазалайды да отырады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 1 тармағында: «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар», – делінген. Демек, денсаулығында еш кінәрат жоқ зейнеткерді еңбекке қабілетсіз деп қалайша айтуға аузымыз барады ?!
Жазушы Қалтай Мұхамбетжанов ағамыздың мына бір әңгімесі еске оралады: «Өркениетті елдерде адамның басы мен ісіне қарайды. Біздің елде адамның шашы мен тісіне қарайды. Шашың ағарып кетіпті, тісің түсіп қалыпты, айда кет дейді».
Менің өз қатарларым, құрдастарым бар, оларда осы залда отырған шығар. Былтыр ғана еңбек демалысына шыққан Халидолла Тайпанов, Ғаділжан Кереев, Нұрлыбек Даумов, Нұрғали Темірташев, Қали Махамбетов және басқалардың өмірлік тәжірибелерін әлі де болса білім беру мекемелерінің басшылық немесе тәлімгерлік жұмысына неге пайдаланбасқа ?!
Облыстың білім саласы білікті, көшбасшылық лайық ер адамдарға зәру. Қазіргі «Жаңа Қазақстанды» құру жолында еңбекке қабілетті, денсаулығы тепсе темір үзер күші бар зейнеткерлердің мол әлеуетін ұтымды пайдалана білсек, ешбір ұтылмаймыз».
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі баспасөз қызметі
-
Фотографии
-