АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АРДАГЕР ҰСТАЗДАР
Сарысу ауданының Жаңатас қаласында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков өңірдің білім саласында ұзақ жылдар қызмет істеп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған бір топ ардагер ұстазбен кездесті.
Алғашқы сөзін жергілікті кәсіподақтың көпсалалы қызмет бағыттарымен және салада орын алған өзгерістермен хабардар етумен бастаған Ерұлан Мағзымбеков ардагер-ұстаздарға аймақта кәсіподақ қозғалысын қалыптастыруға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғауға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
- Біріңіз мекеме басшысы, біріңіз ұстаз, енді біріңіз бастауыш ұйым төрағасы ретінде ең алдымен білім саласының өркендеуіне, балаларымыздың сауатты да саналы болуы жолында тер төктіңіздер. Кәсіподақпен етене болып, ұстаздардың құқықтық қорғалуына сүбелі үлес қостыңыздар. Тоқырау уақытында да мамандыққа адалдық танытып, кәсіби шеберліктеріңізді шыңдай бердіңіздер. Сондықтан да, Сіздердің тәжірибелеріңіз, жүріп өткен жолдарыңыз кейінгі буынға үлгі болып табылады. Бұл салалық министрлік тарапынан да ескерілуде, - деген Ерұлан Мағзымбеков ардагерлерге еліміздің Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатын тапсырды.
Марапатталғандардың қатарында 25 жыл Жаңаталап орта мектебінің БКҰ төрағасы болған физика пәнінің мұғалімі Пазылхак Күшманбетов, Балалар шығармашылық орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымына ұзақ жылдар төрағалық еткен математика үйірмесінің жетекшісі Туймурат Ярашов, Ақтоғай орта мектебінің директоры болған Дихамбай Ақділдаев, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы директорының орынбасары болған Мирамкуль Табаншаева, білім бөлімінің әдіскері болған Раиса Жұмаділдақызы, Ш.Уәлиханов мектебінің директоры болған Нурбуби Камбарбаева және Б.Қашқынбаев орта мектебінде ұстаздық еткен Күляйша Алтынбекова бар.
Өз кезегінде ардагерлер ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа, Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбековқа, Жергілікті кәсіподақтың Сарысу аудандық комитетінің төрағасы Гүлмира Сұлтанбековаға ризашылықпен алғыс білдірді.
- Біздің еңбегімізді елеп, министрлік деңгейінде марапат ұйымдастырылып жатқанына біз қуаныштымыз. Сол үшін де осындағы және бүгінгі іс-шараға қатыса алмаған барша ардагерлер атынан ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз. Осы жақсы істің жалғасын таба беретініне сенімдіміз, - деп ағынан жарылды Ақтоғай орта мектебінің директоры болған ардагер-ұстаз Дихамбай Ақділдаев.
Бүгінде Жамбыл облысы бойынша ҚР Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатын 5000 жуық ардагер-ұстаз иеленген болса, оның 200 астамы осы сарысулық ұлағатты ұстаздар.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.