ЖАС ҰСТАЗДАР БІЛІМ БӘЙГЕСІНДЕ БАҚ СЫНАДЫ
Бүгінгі жас ертеңгі ел ағасы, елі мен жері үшін жауапты тұлға. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың болмысына мән беріп, дұрыс бағдар берілгені абзал. Бұл бағытта кәсіподақ қарқынды жұмыс жүргізіп, жыл сайын құрамы жаңарып жатқан жас мамандарды бір ортаға шоғырландырып, қоғамдық бірлестіктің жай-жапсарын таныстырып келеді.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы және жанынан құрылған жастар Кеңесі тоқсан сайын 18-35 жас аралығындағы педагогтарға арнап, түрлі форматта шаралар ұйымдастырып келеді.
Дәстүрге айналған шара ағымдағы жылдың 9-10 қараша күндері әулиелер мекені саналатын Қаратал өңірінде жалғасты. Аудандық, қалалық филиалдан жиналған 9 команданың мүшелері әуелі Лермонтов атындағы орта мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Мектеп әкімшілігі оқушыларға арналған тың жобаларын көрсетіп, жастарға тәжірбиелік бағдар берді.
Ұстаздар Ескелді би, Айту би, Балпық би, Жолбарыс батыр бидің кесенесіне барып, құран бағыштап, мінәжат етті. Кесенеде көрсетілген нақыл сөздермен танысты.
Жастар детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаев атындағы атындағы орта мектебін, колледжін, аллеясын аралап, жазушының өмірбаяны туралы толық ақпарат алды.
Ұстаздар шараның екінші күнінде «Ғасыр тұлға – асыл тұлға!» облыстық білім бәйгесіне қатысты. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған интеллектуалды ойында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз алып, жастықтың қару жарағы – өнер мен оқуда екенін айтып, ұстаздарға ұлы тұлғаларды таныстыру жұмыстары жүргізілгенін жеткізіп, шарада қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық иелерінің білімі сыналатын шаққа таяғанын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қаратал ауданы білім бөлімінің басшысы Жандос Тенельбаев та шарада бой көрсетіп, киелі мекен жайында жан-жақты таныстырып, білгені мен көргені көп адам білімді болатынын айтып, сала қызметкерлеріне жылы лебізін білдірді.
Командалар тартылған жеребе арқылы кезекпен «Сәлем-сөздің басы» кезеңінде өздерін және ұрандарын таныстырды. Бірі ән айтты, енді бірі шеберліктерін көрсетіп сахналық қойылым қойды.
«Бәйге» кезеңінде қатысушылар kahoot бағдарламасы арқылы экранда көрсетілген сұрақтардың нұсқаларын тандау арқылы білім деңгейін көрсетті. Тарих беттеріне үңіліп, қазақ халқы үшін орын алған оқиғаларға саяхат жасап, жылдарды сөйлетті. 100 жылдық мерейтойын тойлаған Қараталдықтар күні бұрын Кемел Тоқаевтың өмірі жайында таныстырылым жасап, шара барысында нәтижесін шығарды.
Сонымен қатар «Ойлы болсаң - озып көр» кезеңінде қазақ сахнасының саңлағы атанған Бикен Римованың сомдалған рөлі, кино атауы экран арқылы беріліп, мұғалімдердің білімін шыңдай түсті.
Алдын - ала тағайындалған қазылар алқасы әр кезең бойынша командалардың өнерін тиісті ұпаймен бағалап, ортақ есебін шығарды.
Нәтижесінде жүзден жүйрік шығып, І орынды Көксу ауданы, ІІ орынды Текелі қаласы, ІІІ орынды Ескелді ауданының командасы иеленді.
Жеңімпаздарға облыстық ұйымның атынан дипломдар және Қаратал аудандық филиалдың атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар,
ғылым және жоғары білім қызметкерлері
«Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-