ҰЛЫ ҰСТАЗ ШӘКІРТІН ШАБЫТТАНДЫРАДЫ
Исмуханбетова Күләш Көбенқызы – Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебінде күй өнерінде балаларды тәрбиелеп, шәкірттерін шабыттандырып, өнер жолында жүрген ізденімпаз ұстаз, педагог – зерттеуші. Ол Форт-Шевченко қаласында 1967жылы дүниеге келген. Алғаш қолына домбыра ұстатып, домбыра ойнауға қызығушылығын ашқан ұстазы - Сұлу Досымқызы.
Мектеп қабырғасында жүріп оркестр, ансамбль құрамында бас домбырашы болып көзге түскен. Осы кезден-ақ, аудандық, облыстық көлемдегі қоғамдық шараларға қатысып, талай жүлдені алады.
Өнер жолын қуып 1982 жылы Ақтөбе музыкалық училищесіне түсіп, 1986 жылы домбыра-тенор мамандығы бойынша білім алып, ұшқан ұясына домбыра пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады.
Жас маманның мақсаты – оқушылардың аспапқа деген қызығушылығын ояту, музыкалық сауатын ашу, рухани – мәдениетке тәрбиелеу, домбырада ойнаудың шеберлігін арттырып, шабыттандыру болады.1994жылы Ақтау қаласындағы Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебінде ұстаздық еңбегін жалғастырады.
Күләш Көбенқызы шәкірттерін байқауларға дайындауда еш шаршамай,қатаң тәртіп пен талаптың арқысында, өзінің ізденімпаз, еңбексүйгіштігінің арқасында кәсіби шеберлігін дәлелдей білді. Мақтауға тұрарлық шәкірттері қазіргі таңда биік белестерді бағындыра отыра, ұстазының еңбегінің нәтижесін көрсетуде. Атап айтсақ, Алматы консерваториясының ұстазы – Алтынай Жұмағалиева; Маңғыстау өнер колледжінде аға ұстаз, Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері – Бауыржан Көбенғалиев; Бірнеше байқаулардың жеңімпазы,Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі, Маңғыстау өнер колледжінің мұғалімі – Нұржан Жолдасов; Облыстық филармонияның әртісі, өнер мектебінің ұстаздары, оркестр мүшелері – Айтуаров Мұрат, Төленбетов Берік; Жаңаөзен музыка мектебінің ұстазы -Машырықова Әсем; Өнер жолын жалғастырып, Қазақ Ұлттық Университетінің студенті – Мишелова Даная; Маңғыстау өнер колледжінің студенттері, бірнеше байқаулардың жеңімпаздары - Айса Еңлік, Бөлтекова Айтаңсық; Лауреат атақтарымен танылған – Машырықов Мұрат, Төребек Бейбіт, Әбдіреш Ұлан.
Қазіргі таңда Күләш Көбенқызы жас буынды шабыттандырып, әлі де шәкірттерін шыңдау үстінде. Оған дәлел, 3-4 желтоқсан күндері Мәскеу қаласында өткен «Jas tolqyn» халықаралық байқауда Күләш Көбенқызы дайындаған «Жас толқын» домбырашылар ансамблінің Бас жүлдені иеленгені.
«Jas tolqyn» жас таланттар байқауы – Каспий Құбыр Консорциумының мәдениет саласындағы әлеуметтік – қайырымдылық қызметі шеңбері аясында Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында тұратын дарынды балалар мен жасөспірімдерді қолдауға бағытталған шаралардың бірі болып табылады.
Киелі күй өнерін ұрпаққа насихаттап жүрген ұстаздың еңбегі Республикалық, облыстық, қалалық марапаттарға ұсынуға лайық!
Ә.Бекқожа ,
педагог – сарапшы, Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебінің домбыра пәні мұғалімі.
Ақтау қаласы, Маңғыстау облысы.
-
Фотографии
-