ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
«Өз ісінің шебері» айдарының бүгінгі кейіпкері, Ақтөбе облысы Хромтау қаласы №2 Хромтау гимназиясының география пәнінің мұғалімі Шонтықова Гүлшаш Тұрақбайқызы ұстаз болуды бала күнінен армандапты. Қазір сол балалық бал шағының асқақ арманын өмірінің маңызды құрамдас бөлігіне айналдырып, ұлы қызмет тізгінін 30 жыл бойы абыройлы арқалап келеді.
Сымбаты мен санасы бір арнада тоғысып, білігі мен биязылығы біте қайнасқан хромтаулық ұстаздың өмір жолы жетістікке толы...
Әрбір ұстазынан үлгі-өнеге алған Гүлшаш Шонтықова сол ұлағатты жандардың ізімен жүріп келді. Талай шәкіртті білім қайнарымен сусындатып, қанатын қатайтып, мектеп қабырғасынан ұшырды. Бойына өмірден біліп-түйген тәжірибесін сіңірді.
Ізденіспен, терең оймен еңбек еткеннің нәтижесінде көптеген жетістікке қол жеткізді. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Дегенмен, жыл сайын қалалық, облыстық пәндік олимпиада жүлдегерлерін дайындағаны үшін алғыс хаттармен, дипломдарымен марапатталған.
Қазіргі уақытта Шонтықова Гүлшаш Тұрақбайқызы өрендерді нағыз адам болуға лайықтап тәрбиелеуде. Расында, төгілген тер, адал еңбек міндетті түрде жемісін береді. Оған дәлел, оның шәкірттері үздік жетістіктерге қол жеткізген.
– «Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп хәкім Абай айтқандай, мұғалімдіктің де өз қызығы бар. Бірақ, қиындығы да аз емес, соны жеңе білген жан ғана шәкірт жүрегіне жол табады. Мен үшін оқушының сапалы білім, тәлімді тәрбие алуы маңызды. Шәкірт жетістігі – ұстаздың ерен еңбегінің нәтижесі, мұғалім мерейі. Бастысы – өз пәніңе деген білім шырағын жаға білу керек, – дейді ол.
Ұстазы мықтының ұстамы мықты. Өскелең ұрпаққа білім нұрын шашып жүрген Гүлшаш Шонтықованың шәкірттері әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.