«КӘСІПОДАҚ БАРЫСЫ-2023» ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының жүлдесі үшін қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы - 2023» облыстық турнирі өтті.
Ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен дамыту басымдықтарын жүзеге асыру, білім және ғылым саласы қызметкерлерін қазақ күресімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мен жетілдіру мақсатында өткен жарысқа барлығы 25 палуан: 90 кг дейінгі салмақта – 13 палуан, 90 кг жоғары салмақта – 12 палуан қатысып, бақ сынады.
Өз аймақтарында іріктеу кезеңдерінен өтіп, «Кәсіподақ барысы – 2023» облыстық финалына жолдама алған барыстардың жекпе-жегіне 2011 жылы 18 тамызда ҚР Туризм және спорт Министрлігінің Спорт комитеті мен Қазақстан Республикасының қазақ күресі ассоциациясы бекіткен Ережеге сай бас төреші - қазақ күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі төреші, Жамбыл облысының ересектер арасындағы аға жаттықтырушысы Руслан Мухамедхалиев бастаған төрешілер алқасы төрелік етті.
Палуандарды жігерлендіру үшін турнирде Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев, КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушы, қазақ күресі ережесінің қабылдануына сүбелі үлес қосқан ардагер спортшы, «Құрмет» орденінің иегері Жахит Марат, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Назарбек Ізтілеуов пен ұйымдастыру Алқасының төрағасы, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.
Ата-баба салтымен палуандарға ғылым докторы, профессор, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Исан Тілегеновтың ақ батасымен басталған бәсекелі жарыс өте тартысты өтті. Төрешілер алқасының шешімімен Жамбыл облыстық мәслихатының арнайы жүлдесін Ғани Утегенов (Жуалы ауданы №21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі), ал «AMANAT» партиясы облыстық филиалының арнайы жүлдесі Омар Керимовқа (М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ оқу шебері) берілді. Сондай-ақ, Ш.Мұртаза атындағы ХТИИ кәсіподақ комитетінің арнайы жүлдесіне облыстық жасөспірімдер үйі мекемесінің басшысы Бекбол Кайыпчаев лайық деп танылса, Жергілікті кәсіподақтың Сарысу аудандық комитетінің арнайы жүлдесі Талас ауданынан келген ұстаз Қанат Тоқбергеновке бұйырды.
90 кг дейінгі салмақ дәрежесінде І орынды Бақдәулет Қазыбек иеленсе, (Шу ауданы №40 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі (белбеу және 150 000 теңге), ІІ орынды Қордай ауданы №32 В.Маяковский атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бекжан Бекбосын иеленді (белбеу және 120 000 теңге). Ал Жамбыл ауданы Жамбыл атындағы орта мектебінің кәсіби бағдар мұғалімі Серғали Сатыбалды (белбеу және 100 000 теңге) ІІІ орынды місе тұтты.
Ал 90 кг жоғары салмақта І орынды қарсылас шақ келтірмеген Мойынқұм ауданы О.Жандосов орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Марат Шокабаев (белбеу және 150 000 теңге) иеленді. Ол финалдық бәсекеде Шу ауданы Т.Әшімбаев атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Арнур Жомартбекті жеңген болатын. ІІ орын алған Арнур Жомартбек белбеу және 120 000 теңге сыйақыға ие болса, ІІІ орынды Тараз қаласының №23 орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Нұрсұлтан Қауынбаев (белбеу және 100 000 теңге) иеленді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-