МЕН – ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСЫМЫН
Тәуелсіздік - бұл менің бостандығым,
Он алтыншы желтоқсан тосқан күнім.
Ұрпақ көрсін еркіндікті деп күрескен,
Алты алаштың баласы қосқан үнін,-демекші Тәуелсіздік бізге оңай жолмен келген жоқ. Біздің еркін өміріміз үшін күрескен батырларымыздың арқасында «Қазақ» деген ел болып қалыптастық.
Ұлтымыздың айқын бейнесін әлемге таныта алудамыз. 32 жыл дербес мемлекетімізді орнықтыруға, бәсекеге қабілетті ел етуге, тығырықтан шығып, жаңа жол іздеуімізге, қоғамдық қарым – қатынастарды өзгертуге, бұрыңғы ескіліктерден арылуға, жаңашылдыққа бет бұруға негіздеді. Осының барлығы да ел болып есеюіміздің, мемлекет болып тұғырлану жолындағы талпыныстар мен нық қадамдардың көрінісі еді. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде жеке дара іргелі екенін дәлелдей білді.
Қазақстан өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекттік рәміздері, ұлттық валютасы мен ұлттық құндылықтары, салт – дәстүрі мен мәдениеті бар тәуелсіз, зайырлы елге айналғанын ауыз толтыра айта аламыз.
Қасиетті Тәуелсіздік ұғымы әрбір қазақстандықтың жүрегінде, көңілінің төрінде мәңгілік маздап, санасына нұрлы шуағын шашып тұратын киелі ұғым.
Мен – Тәуелсіздік құрдасымын. Ерекше оқиғаның, елімнің тәуелсіздігін алып, мойындатқан шағында шырылдап дүниеге келгеніме қуанамын. Қазіргі Қазақстан – Ұлы дала елі, бақ қонып, қыдыр дарыған, мақсаты айқын мемлекет.
Табиғаты көркем де сұлу, ғажайып мекенде өмір сүріп, тұрып жатқанымызға шүкіршілік етеміз. Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай.
А. Төлегенова,
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, «№1 жалпы білім беру орта мектебі» КММ бастауыш сынып мұғалімі.