ЖЕТІСУДА АЛҚАЛЫ ЖИЫН ӨТТІ
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы жылдық жұмыс жоспарына сәйкес кезекті Кеңес отырысын өткізді.
Оған аудандық, қалалық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Жиынның күн тәртібінде облыстық кәсіподақтың аумақтық келісім мен ұжымдық шарттарды жасау жөніндегі жұмыс жағдайы мен әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттыру, кәсіподақ кадрларын және кәсіподақ активін оқытудағы алғы шарттары, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының ережелерін іске асыру, сала қызметкерлерін заңнамамен көзделген әлеуметтік жеңілдіктер және кепілдіктермен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов Кеңес отырысын ашық деп жариялап, күн тәртібі мен жұмыс регламентін таныстырып, бекітті.
Қаралатын мәселелердің маңыздылығына тоқталып, кәсіподақ басшысы әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің бағыттары мен тиімді жақтарын айтып, баяндама жасады. Жетісу облысы білім басқармасымен жасалған келісімнің аясында атқарылған жұмыстар туралы тілге тиек етіп, бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы ұжымдық шарттардың жасалу жолдарын баяндап, педагогтар тарапынан туындайтын сұрақтарға шолу жасап, толық жауап берді. Ұстаздардың өзекті мәселелерін шешуге ұжымдық шарттың тигізетін ықпалын жеткізіп, әр кәсіподақ мүшесі мұқият танысуы қажет маңызды құжат екенін айтты.
Облыстық ұйым кадрларын оқытуға баса мән беріп, кәсіподақ активінің біліктілігін арттыруда алғы шарттары туралы төраға орынбасары Болат Тұрысбековтың ақпаратында толық мәлімет берілді. Жыл басынан бері кәсіподақтың қаржылық-шаруашылық жұмыстары мен ұйымдастыру мәселелері, құқықтық кеңестер сынды маңызды бағыттары бойынша жүргізілген семинарларды нақтылап, қатысушылар саны мен берілген білімнің сапасы жайында айтып, жұмыс барысында қолдану жайын сөз етті.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңында көрсетілген әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерді айтып, облыс деңгейінде түйіні шешілген сұрақтарды жеткізді. Әлі де жылына бір рет берілетін коммуналдық төлем және медициналық тексеруге баса көңіл бөлініп отырғанына тоқталды.
Жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты туындаған сұрақтарын қойып, баяндамашылар тарапынан толықққанды жауап берілді. Қажетті қаулылар бір ауыздан қабылданды.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және
жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу»
жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-