ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫС ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы Атқару комитетінің отырысын өткізді. Оған аудандық, қалалық филиалдардың төрағалары қатысты.
Күн тәртібінде Ескелді аудандық филиалында құқықтық жұмысты және еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, облыстық ұйымның жанынан құрылған педагогикалық еңбек ардагерлері Кеңесінің атқарған жұмысы, облыстық ұйымының және аудандық, қалалық филиалдардың 2023 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылау, 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту және ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Жұмысты жүйелеу барысында Ескелді аудандық филиалының құқықтық жұмысы қаралды. Облыстық ұйымның заңгер - кеңесшісі Әсет Қайырхан еңбек заңнамасының орындалу барысы туралы жүргізілген жұмысты таныстырды. Педагогтар тарапына түскен арыз-шағымдардың қаралу барысы, шешілу жолдарын сараланып, атқарылған жұмысқа қанағаттанарлық деген баға берді.
2018 жылы құрылған педагогикалық еңбек ардагерлері Кеңесінің жұмысы жайында облыстық ұйымның бас маманы Маржан Жұмабек баяндады. Сала ардагерлерінің бүгінгі жағдайы, олардың қоғамдық өмірден қол үзбеуіне жасалып жатқан іс-шаралар туралы айтты. Кәсіподақ тарапынан көрсетілген көмектің түрлері, алдағы мақсаты мен міндетін айқындап, ардагер ұстаздарға барынша қолдау танытуды ұсынды.
Жиында кәсіподақ 2023 жылы атқарған жұмысы назардан тыс қалмады. Облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов қоғамдық бірлестіктің барлық бағыттарын қамтып, ауқымды баяндама жасады. Кәсіподақтың құрылымынан бастап, ұйымдастыру жұмыстары, құқықтық және қауіпсіздік шаралары, әлеуметтік әріптестік туралы келісімдер, жанынан құрылған Кеңестердің жұмыстары, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру және ынталандыру сынды өзекті ақпараттармен бөлісті. Алдағы жұмыс жоспарына қажетті ұсыныстарды енгізіп, кәсіподақ активі мен кадрларын оқыту мәселелеріне айрықша мән берді. Білім саласындағы өзгерістерді айтып, жұмысты ұйымдастырудың тиімді жолдарын ұсынды.
Сонымен қатар, ұйымдастыру мәселелерінде іс номенклатурасын, бюджетінің жобасын алдын ала мақұлдау және бекіту, штаттық кестесінің жобасын алдын ала мақұлдау, мүшелік кәсіподақтық жарнаның мөлшері, қызметкерлердің іссапар нормалары туралы және филиалдармен тоқсанық жоспарды қайта құру, БАҚ-пен жұмысты жандандыру туралы облыстық ұйымның ішкі жұмыстары қаралды.
Атқару комитетінің мүшелерінің ұсыныстары ескеріліп, қажетті қаулылар қабылданып, 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-