КӘСІПОДАҚ КҮШІ – БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТА
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Тұрар Рысқұлов аудандық комитетінің І Пленумында ауданда қабылданған ұжымдық шарттың орындалуы бойынша есеп беріліп, алдағы міндеттер межеленді.
Жуырда ғана бой көтеріп, пайдалануға берілген №6 мектеп-гимназияның мәжіліс залында өткен жиында алғашқы болып білім бөлімінің басшысы Майра Базарова, кейін білім қызметкерлерінің аудандық кәсіподағының төрағасы Айнұр Баймұратова есепті баяндама жасады, ал одақ мүшелерінің құқықтық қорғалуы бойынша құқықтық инспектор Тимур Оразбаев, әлеуметтік әріптестіктің оңтайлы тұстары туралы Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицей директоры Ербол Қайпұлдаев, ал педагогтар мен өзге де қызметкерлердің атынан Абай орта мектебінің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айнұр Тәтібекова сөз алды.
Ауданның бас ұстазы өз сөзінде ең бастысы Ұжымдық шарттың 6.1. тарауына сай білім мекемелерінің барлық қызметкерлеріне үздіксіз еңбекақылары мен кезекті еңбек демалысына сай жалақылары, сауықтыру қаражаты төленіп жатқанын, жасына байланысты зейнеткерлікке дейін төрт жылдан аспайтын мерзім қалған педагогтерге біліктілік санатының қолданылу мерзімі сақталатынын, педагог-модераторға - 30%, педагог-сарапшыға - 35%, педагог-зерттеушіге - 40%, педагог-шеберге - 50% дейін біліктілік санаттары үшін қосымша ақы төленіп отырғандығын, мұнан өзге де ұжымдық шартпен көзделген қосымша ақылар толықтай төленіп отырғандығын жеткізді.
- Бұның барлығы да қызметкерлердің әлеуметтік еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс орындарын сақтау, лайықты еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмысшылардың ар-намысына нұқсан келтірмеу, сыйластық пен өзара ынтымақта бірлесе еңбек атқару, ұжым мүшелерінің күшін бір арнаға тоғыстыру жолында істеліп жатқан жұмыстар, - деген Майра Айдарбекқызы әр еңбек ұжымын елдің өркендеуі жолында еселі еңбек етуге шақырды.
Ал Айнұр Баймұратова ұжымдық шартта көзделген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің ең ұтымды тәсілі - Әлеуметтік әріптестік жөніндегі екі жақты және жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссияларының тұрақты әрі пәрменді жұмыс жасауы екенін айтып, биыл Әлеуметтік әріптестік комиссиясының 1 отырысы, Келісу комиссиясының 3 отырысы өткенін, сәйкесінше білім беру ұйымдарының қызметін ұйымдастыру, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің еңбек қатынастарында туындайтын мәселелерді құқықтық реттеу сұрақтары әлеуметтік әріптестік аясында шешіліп отырғандығын жеткізді.
Білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары атынан мінбеге көтерілген Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицей директоры Ербол Қайпұлдаев білім мекемесінде қызмет істейтін азаматтық қызметшілер: зертханашы, вахтер және тағы басқа қызметкерлердің айлық жалақысын көтеруге септесіп, сауықтыру төленсе деген ұсыныс айтса, Абай орта мектебінің мұғалімі әрі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айнұр Тәтібекова түрлі байқауларда бағы шапқан ұстаздарды марапаттау, оларға қолдау көрсетуде кәсіподақтың демеуі зор екендігін айтты. Өзі де сондай қолдауға ие болғанын мақтанышпен жеткізді.
- 2023 жылы республикалық «Үздік педагог» байқауында жетістікке жеткенімде зор мүмкіндіктері бар білім ордасында, талабы мықты ауданда қызмет ететінімді мақтан еттім. Ұжымда іскерлік орта, қолайлы жағдай қалыптастырған кәсіподақ ұйымының ыстық ықыласы мен қолдауын сезіндім, - деді Айнұр Тәтібекова.
Ал құқықтық инспектор Тимур Оразбаев биыл білім мекемелерінде еңбек заңдылығының сақталуына 45 қоғамдық бақылау жүргізіп, 140 заң бұзушылық анықталғанын, жалпы барлығы 670 құқықтық қызмет көрсетілгенін хабарлады. Түйінді сөзді Жергілікті кәсіподақтың облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков алып, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Алқалы жиынның соңы кәсіподақтық марапаттауларға ұласты. Ерұлан Мағзымбеков ең алдымен ұзақ жылдар педагогикалық салада, оның ішінде білім бөлімінде аянбай еңбек етіп бүгінгі табысты білім ұйымдарының негізін қалап, білікті ұстаздардың қалыптасуына өз үлестерін қосқан ардақты ардагерлер К.Нұрғасқаева, Е.Мұхтарова, Т.Естемесова, Ш.Ауғанбаева және З.Тойбековаға ҚР оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың Алғыс хатын табыстады. Мұнан соң бірқатар ұстаздарға Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы мен Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Құрмет грамотасын тапсырды. Ал республикалық «Үздік педагог» атағын иеленген Айнұр Тәтібекованың омырауына ҚР кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медалі тағылды.
Пленум соңы салалық кәсіподақтық «Еңбекші» газетіне үздік жазылым ұйымдастырған мекемелер мен ұйымдарды марапаттауға ұласты.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-