МОЙЫНҚҰМ АУДАНДЫҚ КОМИТЕТІНІҢ І ПЛЕНУМЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Мойынқұм аудандық комитетіне 46 бастауыш ұйымға біріккен 2507 сала қызметкері мүше. Жуырда өздерінің басты мақсаты мүшелерінің әлеуметтік және еңбек қатынастарын бақылау, құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету деп білетін қоғамдық ұйымның І Пленумы өтті. Алқалы жиынға делегаттармен қатар бірқатар білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, бастауыш ұйым төрағалары мен білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев қатысты.
Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Бахтияр Махамедов пен білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымы арасында 2021-2023 жылдарға жасалған Ұжымдық шарт пен оның қосымшаларындағы кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтардың орындалуы, іске асыру тетіктері туралы есептерін берді.
- Біздің мақсатымыз - қолжетімді сапалы білім мен оқыту жағдайларын жақсартуды қамтамасыз ету, білім сапасының ресурстық қамтылуын, педагогикалық қызметтердің әлеуметтік және кәсіби мәртебесін, сала өкілдері мен білім алушылардың әлеуметтік кепілдік деңгейін елеулі арттыру. Бұл орайда аудандық кәсіподақ комитетінің тікелей атсалысуымен ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтін білім саласының мамандарына 25% үстемеақы төленуіне, барлық санаттағы қызметкерлердің мерзімдік дәрігерлік тексеруден өтуіне мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінуне ықпал еттік. Кәсіподақ мүшесі болудың қаншалықты ұтымды екендігін жан-жақты жеткізу мақсатымен сала қызметкерлерінің кәсіби шеберлігіне, шығармашылық қызметіне байланысты кәсіби байқауларға демеушілік жасадық. Былтыр сауықтыру шараларымен 236 кәсіподақ мүшесі қамтылды, - деді Бахтияр Жақыпбайұлы.
Есепті баяндамада айтылғандай, 2023 жылы аудандық білім бөліміне бағынысты білім беру мекемелерінде еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша барлығы 42 тексеріс жүргізіліп, еңбек заңдылығы талаптарын бұзудың 94 жағдайы анықталған. Олар, еңбек қатынастарын рәсімдеуде 18, әлеуметтік әріптестікті дамыту бойынша – 65, өзге де мәселелер – 11, еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі мәселелері бойынша 10 заң бұзушылық анықталған. Түскен арыз-өтініштердің саны – 37 болса, берілген құқықтық кеңестер саны - 1824. Жалпы 2023 жыл қорытындысы бойынша кәсіподақ мүшелерінен заңсыз ұсталған немесе төленуге тиісті қаржылардың түрлі себептерге байланысты төленбей, кәсіподақтың құқықтық инспекциясының араласуымен нақты төленіп берілген мөлшері 12 153 683 теңгені құраған.
«Кәсіподаққа ынталандырудың тағы бір нысаны - сала еңбеккерлерін мәдени-көпшілік және өзге де бұқаралық іс-шараларға тарту. Дәстүрлі түрде өтетін спартакиадалар мен фестивалдер сұранысқа ие. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ұсынысымен кәсіподақ мүшелерінің тұрмыстық және өзге де жағдайларымен байланысты қайырымдылық көмек беру тұрақты жолға қойылған. Облыстық оқу орталығымен өткізілетін барлық жоспарлы семинарларға аудан ұстаздары мен жұмыс беруші өкілдері, түрлі комиссия өкілдері жолданып тұрады. Десек те, комитеттің мүшелікке қамту, өзге де жарғылық міндеттерді жүзеге асыру қызметінде баяндалған жұмыстармен қатар бірқатар кемшіліктер бар екенін жоққа шығаруға болмайды» деді өз сөзінде аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Бахтияр Махамедов.
Жиын барысында аудандық комитеттің 2024 жылға арналған кіріс-шығыс сметасы қабылданып, бірқатар сала өкілдері марапатталды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-