КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛГЕН КЕҢЕС
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» атты салалық кәсіподақтық Тұжырымдаманы іске асыру туралы күн тәртібімен облыстық ұйымның ІІІ Пленумын өткізді. Алқалы жиынға Пленум мүшелері, жұмыс беруші өкілдері мен Атқару комитетінің мүшелері, сондай-ақ, тәжірибе алмасу мақсатында Әулиеата өңіріне тәжірибе алмасу мақсатында сапарлап келген Кәсіподақтың Павлодар облыстық ұйымының өкілдері қатысты.
Жиында негізгі баяндаманы ұйым төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жасап, кәсіподақтың қолжетімді сапалы білім мен оқыту жағдайын жақсартуды қамтамасыз етудің басты алғышарты педагогикалық қызметкерлердің әлеуметтік және кәсіби мәртебесін, сала өкілдері мен білім алушылардың әлеуметтік кепілдік деңгейін көтеру, олардың экономикалық және құқықтық қорғалу, ресурстық қамтылу мәселелеріне тоқталды.
Негізгі баяндамада Жергілікті кәсіподақтың облыстық ұйымында Филиал мәртебесіндегі 13 құрылымдық бөлімшеге 813 бастауыш кәсіподақ ұйымы бірігіп, 65 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі-сала өкілі қауымдасқаны, олардың әлеуметтік қорғау мақсатында 1 аймақтық Келісім, 772 білім мекемесін қамтыған 12 бірыңғай ұжымдық шарт, 13 мекемеде дербес ұжымдық шарт түріндегі әлеуметтік әріптестік актілері қолданыста екені айтылды. 2023 жылы облыстық мәндегі Әлеуметтік әріптестік комиссиясының 6 отырысы өтіп, онда 10 сұрақ талқыланған болса, Жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі Келісу комиссиясының 2 отырысы өтіп, онда 36 арыз-өтініш қаралған.
Құқықтық қызмет бойынша 2023 жыл ішінде тек кәсіподақ заңгерлерінің қабылдауында 4640 сала өкілі болып, 11 510 құқықтық қызмет көрсетілген. Құқықтық инспекторлармен еңбек заңдылығына қоғамдық бақылау бойынша 521 тексеру жүргізіліп, еңбек заңдылығын бұзудың 1454 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелерінен 980 арыз-өтініш түсіп, 1006 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық почта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 10365 құраған.
2023 жылдың ресми дерегі бойынша жергілікті кәсіподақ пен оның филиалдары тарапынан білім және ғылым саласы қызметкерлерінен 1137 жазбаша, 10819 ауызша өтініштер түсіп, құқықтық сипаттағы 10 826 қызмет-кеңес көрсетілді.
Кәсіподақтағы құқықтық қызметтің пәрменді әрекеті арқылы саладағы әр санаттағы қарапайым еңбеккердің қалтасына 2023 жылы 110.3 млн. тг аса соманы қайтаруға қол жеткізілген, ал келтірілген экономикалық тиімділік 404.8 млн тг. қаржыны құрады.
Сала өкілдерінің рухани демалысын ұйымдастыруға, сала үздіктері мен нәтижелі еңбек ұжымдарын ынталандыруға, қайырымдылық және демеушілік шараларына сала өкілі мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыруға кәсіподақ қаржысының жоспарлы бөлігі бағытталуда. 2023 жылы барлық түрдегі сауықтыру шараларымен 6740 сала өкілі мен отбасы мүшесі қамтылып, оған 271.0 млн.тг кәсіподақ қаржысы бағытталған.
Дегенмен, Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков салада шешімін таппаған бірнеше мәселе бар екендігін айтып, олар оң шешімін тапқанша күн тәртібінен түспейтіндігін айтып өтті.
- Білім жүйесін реформалау аясында қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселелер жеткілікті. Кәсіподақтар көтерген - мектеп кітапханашыларына «педагог» статусын беріп, біліктілік арттырып, санат үшін төлем енгізіледі деген ұсыныс бастамалар әлі жүзеге аспай отыр. Бірқатар санаттағы мемлекеттік білім мекемелерін шаруашылық жүргізу құқы берілетін кәсіпорынға қайта құрумен байланысты туындауы ықтимал мәселелер өз алдына бір төбе. Ұжымдық шартпен көзделген нормалардың орындалуында да бірқатар проблемалар бар. Олардың негізгісі - еңбек қорғау мен қауіпсіздігі аясында арнайы құралдармен, арнайы киімдермен қамтамасыз етуге қажетті мөлшерде қаржы бағытталмау мәселесі, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Пленумда мұнан бөлек жарыссөзге шыққан Меркі ауданы білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбаева, Т.Рысқұлов ауданы Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, «Үздік педагог - 2023» республикалық байқауының жеңімпазы Айнұр Татибекова мен «Жамбыл дарыны» орталығының директоры Балдай Ертуғанованың баяндамаларында көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды талқылай келе Жергілікті кәсіподақ ұйымы 2024 жылға бірнеше міндеттер белгіледі.
Міндеттердің негізгілері ретінде барлық деңгейдегі кәсіподақ органдары «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» атты тұжырымдамасын іске асыру туралы жұмысын әрі қарай жалғастыру, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіптік мүдделерін білдіру және қорғау бойынша мақсатты жұмыс жүргізу, еңбек қорғау мен қауіпсіздігі, оңтайлы еңбек жағдайларын жасау, өндірістік жазатайым жағдайларын болдырмау, техникалық инспекторлар мен өндірістік кеңес жұмыстарын белсендіру және кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру шараларын арттыру қаралған.
Жиын барысында «Үздік педагог – 2023» республикалық байқауында жеңімпаз атанған 6 ұстазға кәсіподақ ұйымы атынан шипажайға жолдама берілсе, бірқатар ардагер-ұстаздар ҚР оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, Пленум өзіне Жарғымен берілген құзыреттер аясында облыстық кәсіподақ ұйымының 2024 жылға арналған кіріс-шығыс сметасын бекітті.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-