КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫСЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР
Жамбыл облысы Қаратау қаласындағы спорт кешенінде Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Талас ауданы білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы болған кәсіподақ көшбасшысы Мадиярбек Дүйсенәліұлы Миралиевті еске алуға арналған білім беру мекемелері басшыларының арасында волейболдан облыстық ашық турнир өтті.
Білім саласы қызметкерлері арасында дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану арқылы саламатты өмір салтын насихаттау, облыстағы білім беру мекемелері мен кәсіподақ ұйымдары арасында шынайы спорттық бәсекелестікті дамыту, кәсіподақ органдарының бұқаралық спортты дамыту ісінде тәжірибе алмасу мақсатында өткен турнирге Тараз қаласы мен облыстың 9 ауданынан 10 команда қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатына Мадиярбек Миралиевтің әріптестері, туған-туыстары, жолдастары мен шәкірттері қатысты.
Аудандық білім бөлімі мен білім беру мекемелері басшыларының қолдауымен Жергілікті кәсіподақтың Талас аудандық комитетінің төрағасы Әділ Смағұловтың басшылығымен өткен турнирдің ашылу салтанатында білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Құрал Нұрпейісов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар Мадиярбек Дүйсеналыұлының өмір жолына тоқталып, арда азаматтың атқарған игі істері мен аймақтың білім саласына, экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегін атап өтті.
- Мадиярбек Дүйсеналыұлының ауданның білім саласын өркендетуге қосқан үлесі зор. Соңғы жылдары қызмет атқарған кәсіподақ саласында жеткен жетістіктері әлі күнге дейін ұстаздардың экономикалық-әлеуметтік қорғалуына септік болып, жалғасын тауып келеді. Қандай қызмет атқарса да, абыроймен атқарды. Кез келген адаммен ортақ тіл таба білетін. Ұрпақтары, туыстары, әріптестері мен жолдастары үшін сол өнеге қастерлі болып қала береді, - деді Ерұлан Сәбенұлы өз сөзінде.
Төрешінің ысқырығы естіле сала тас-түйін ойынға кіріскен командалар кіл мықтыда кім мықтыны анықтауға кірісіп ақ кетті. Жүлделі орындар үшін өз топтарынан оза шыққан Тараз, Байзақ және Сарысу командалары арасындағы ойындар өте тартысты өтті. Нәтижесінде жүлделі І орынды Тараз қаласының мектеп директорларынан құралған команда иеленсе, II орынды Байзақ ауданының, ал ІІІ орынды Сарысу ауданының мекеме басшыларынан жасақталған команда иеленді. IV орынды Талас ауданының командасы місе тұтты. Турнирге қатысқан барлық командаларға Мадиярбек Миралиевтің отбасының және облыстық кәсіподақ ұйымының демеушілігімен қаржылай ынталандыру сыйлығы, ал жеңімпаздарға кубоктар, медальдар мен дипломдар табысталды.
Сондай-ақ, жарыс барысында ерекше ойынымен дараланып, көзге түскен үздік ойыншылар - Жамбыл ауданынан Сәрсен Оспанов – «Үздік байланыстырушы», Сарысу ауданы командасынан Мақсат Мамытов – «Үздік қорғаушы», Талас ауданынан Руслан Батаев – «Үздік ойыншы» деп танылды. Оларға да диплом мен қаржылай сыйлық берілді.
Турнирдің жабылу салтанатында «Әке - білек, саусағы балалары. Қан тамырмен жалғасқан аралары» демекші, Мадиярбек Дүйсеналыұлының ұлдары Дәулет пен Жансерік, туған-туыстары турнирдің сәтті өтуіне атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдірді. Ұйымдастырушылар бұл шараның алдағы уақытта да жалғасатынын айтып, орайы келсе оны республикалық деңгейде өткізуге ниетті екендігін жеткізді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-