АРДАГЕР ҰСТАЗ МАРАПАТТАЛДЫ
Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Сарытау орта мектебінің ұстазы Мағзұмов Қайролла Қабылтайұлы Оқу-ағарту Министрлігінің «Еңбек Ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Ғұмырының 46 жылын ұстаздыққа арнаған Мағзұмов Қайролла Қабылтайұлы Сарытау орта мектебінде 46 жыл тарих пәнінен сабақ берген және аталған мектепте 30 жыл басшылық еткен.
Мағзұмов Қайролла Қабылтайұлы 1947 жылы 2 желтоқсанда Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтағаннан кейін Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетінде дәріс алған. 1969 жылы еңбек жолын Бұқар жырау ауданы, Ақжар ауылы, Сарытау негізгі мектебінде тарих пәні мұғалімі болып бастап, зейнетке шыққанға дейін осы Сарытау орта мектебінің директоры қызметін атқарды.
1985 жылы мектеп директоры лауазымына тағайындалған уақытта оқушылардың білім сапасының деңгейі 23% болатын болса, сол сапаны 85-90% дейін жеткізген білікті басшы. Сарытау мектебінің түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша жоғары көрсеткішке шығып, Алтын белгі» алушы оқушылардың қатары көбейген. Бұл дегеніміз басшы мен ұстаздардың ауызбіршілігі мен еңбегінің жемісі.
Жақсылыққа жаны құмар ұстаз, жаңа әдіс-тәсілдерді білуге, білгенін өзгеге үйретуге асыға түсетін. Сол үшін ұстаз өз іс-тәжірибесін жинақтап, оқушылардың білім сапасын арттыру бойынша үнемі баяндамалар жасап, ақпарат алмасу және бөлісу мақсатында конференциялар, семинарлар ұйымдастыратын.
2024 жылы Халықаралық ғылыми педагогикалық журналдың біріне «Педагог – менеджердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың шарттары» атты тақырыбында Қайролла Қабылтайұлының мақаласы жарияланды.
«Шәкірт жеңісі - ұстаз жемісі» дегендей, Қайролла Қабылтайұлының шәкірттері әр түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары болды. Бүгінгі таңда шәкірттерінің арасында академик дәрежесіндегі ғалымдар мен түрлі мамандық иелері өз қызметтерін атқаруда.
1990 жылдары еліміз өте қиын кезеңді бастан өткеріп, бюджетте қаражат өте аз болған кезде, мұғалімдердің жалақысы бес-алты айда бір алатын кездер болған еді. Осы кезде ауыл тұрғындары балаларын оқытамыз деп көшіп кетпес үшін, ауылды, мектепті сақтап қалу мақсатында Қайролла Қабылтайұлы мектептің көмірін, қоршауын, су ұңғымасын, жылыту жүйесін өз күшімен және қаражатына жасаған. Отбасылық қаражатты халық мүддесіне жаратуына жұбайы Шайда Лұқпанқызы да қарсылық танытпады.
2000 жылдары қаражаттың қиындығына қарамастан белсенді жұмыс жасап, ауыл балалары оқуын жалғастырсын деп 9 жылдық ауыл мектебін 11 жылдық Сарытау орта мектебі етіп ашып, балалардың орта мектепті аяқтауына мүмкіндік жасап берді.
Ұстаздар ұжымының білімдерін жетілдіртіп, заман талабына сай қалыптастырып, ұжымда өзара сенім қарым-қатынас туғызып, талапты ұстаздарды үнемі қолдады. Мектептің материалдық базасын нығайтуға да көп күш жұмсады. Қызметтік міндеттерін адал орындап, үнемі табандылық танытып, ауылдың көркеюіне, халықтың әлеуметтік жағдайына үнемі қамқорлық көрсетіп, әр кез ата-аналардың және халықтың ризашылығын алып отырды.
Қайролла ҚАбылтайұлы 2015 жылдан бері зейнеткерлікте, десе де ардагер ұстаз мектеп қамын ойлауды доғармады. Мектептен қол үзбей, әрқашан келіп ақыл-кеңес беріп отырады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жер» жобасы бойынша, 200 шаршы метрді құрайтын туған үйін мемлекетке тегін берді. Қазір сонда мектепке дейінгі балалар білім алып жатыр. Сонымен қатар, балалардың дұрыс білім алуы үшін 3,5 млн. қаржыны өз тарапынан жұмсап, пластикалық терезелер салып, жылу жүйелеріне, ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, барлық жағдайды жасап берді.
Ауылымыздың гүлденуіне, мектебіміздің берік, тұрақты болуына Қайролла Қабылтайұлының қосқан еңбегі ерен, үлесі зор.
Осындай тұлғаның жерлесіміз болғанын біз мақтан тұтамыз және марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!
Қарағанды облысы Бұқар жырау аудандық
оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім
қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті