ОРАЛДА ЕҢБЕК ЖӘНЕ ГРАФИКА ПӘНІ МҰҒАЛІМДЕРІ АРАСЫНДА ҚОЛӨНЕР ЖӘНЕ СУРЕТ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Оралда мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру, тәжірибе алмасуын, шығармашылықпен жұмыстануына қолдау көрсету мақсатында көркем еңбек және графика мұғалімдері арасында қалалық білім беру бөлімінің технология, бейнелеу өнері әдіскері Нұрбану Ракишованың ұйымдастыруымен өткен байқау өз мәресіне жетті.
Байқау Батыс Қазақстан облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының және Орал қалалық кәсіподақ комитеті – Филиалының қолдауымен өтті. Байқауға қалалық білім беру мекемелеріненбарлығы 80-ге тарта ұстаздары қатысты.
Екі кезеңнен тұратын байқаудың бірінші кезеңі «Қамшы өру», «Құрақ құрауда өнер» тақырыбындағы қолөнер шеберлігі бойынша өтсе, екінші кезеңі Ұлы суретші С.Ғұмаровқа арналған «Қыл қалам өрген өрнектер» тақырыбында өтті.
Байқауға қатысушылар ұсынған жұмыстардың орындалу стилі мен бағыттары бойынша ерекшеленіп, техникалық тұрғыда өте ұқыпты жасалған, қазылар алқасының әділ шешімімен «үздік» деп танылған жұмыстар жоғары бағаланып, жүлделі орындарға ие болды.
Орал қалалық кәсіподақ комитеті – Филиалы төрағасы Төлеген Темешев байқауды ұйымдастырушылар мен байқауға қатысушы мұғалімдерді құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Байқау жеңімпаздары Батыс Қазақстан облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының арнайы Дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІ – ФИЛИАЛЫ