ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ПЛЕНУМЫ
Жуырда ғана Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағын ауданында пайдалануға берілген №64 мектепте Жергілікті кәсіподақтың Тараз қалалық комитетінің І Пленумы өтті. 115 бастауыш ұйымдағы 15 мыңға жуық сала өкілін өз қатарына біріктерген қоғамдық ұйымның алқалы жиынына Жергілікті кәсіподақ ұйымының төраға орынбасары Жанболат Орынбеков, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Дүрия Тоғатаева, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова, білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, бастауыш ұйым төрағалары қатысты.
Пленумның күн тәртібіндегі негізгі мәселе – салалық кәсіподақтың «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» атты Тұжырымдамасын іске асырудағы кәсіподақтың Тараз қалалық комитетінің атқарған жұмыстарының есебі мен алдағы міндеттер туралы комитет төрағасы Ирина Костина баяндады.
- Біздің ұйымда жыл сайын мүшелік база жаңа мектептердің ашылу есебінен артып келеді. Былтыр №62 орта мектебі ашылып, қатарымыз 112 адамға толықты. Мектепке жұмысқа орналасу кезінде мұғалімдердің көпшілігі әлеуметтік әріптестік актілерінің шарттарына сәйкес конкурстық рәсімдерсіз орналасты. Осы №64 мектеп ашылғанда да, яғни, 2024 жылдың қаңтар айында №54 орта мектептің педагог қызметкерлері конкурстық рәсімдерсіз жаңа мектепке ауыстыру тәртібімен жұмысқа орналаса алды.
Былтыр мамыр айында біз С блогы бойынша жоғары білікті мектеп зертханашыларын тарифтеуге қатысты норманы іске асыра алдық, нәтижесінде мектеп зертханашыларына 4 478 000 теңге мөлшерінде ай сайынғы жалақы айырмасы төлене бастады. Біздің қызметіміздің тиімділігі неғұрлым жоғары болса, қызметкерлердің кәсіподаққа деген сенімі соғұрлым жоғары болады. Әрине, бұл бағытта әлеуметтік әріптестік институты маңызды рөл атқарады, - деді Ирина Александрқызы.
Сондай-ақ, есепті баяндамада Тараз қалалық кәсіподақ комитетіне 2023 жылы 2171 адам жүгінгені, 1495 заң консультациясы, 263 құқықтық тақырып бойынша жазбаша түсініктеме берілгені, сотқа 4 талап арыз және 7 өзге де іс жүргізу құжаты дайындалғаны айтылды. Кәсіподақтың 3 мүшесіне түрлі сатыдағы соттарда тегін өкілдік қамтамасыз етілген. Нәтижесінде кәсіподақтың 4 талап арызында да соттың 100% оң шешімін алуға мүмкіндік туған. Сонымен қатар, 2023 жылы 8 адамды заңсыз жұмыстан шығарудың алдын алған.
Негізгі баяндамадан кейін жарыссөзге жазылған №29 бөбекжай-бақша меңгерушісі Айнур Нукисбекова сөз алып, өз мекемесіндегі әлеуметтік әріптестіктің жай-күйі, ұжымдық шартпен жұмыс берушіге міндеттелген шарттарды орындау мәселелеріне тоқталды. Ал №2 орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнар Спатова мектептің кез-келген қызметкеріне келісу комиссиясына қайырылуға мүмкіндік жасалғанын, ұжымдық шарт аясында бірлестік жетекшілеріне, іс-жүргізушілерге 30% қосымша ақы төленетінін, әдістемелік бірлестік жетекшілеріне қосымша ақы - 25% мөлшерінде төленетінін, кеңсе қызметкерлеріне жалақының 50% мөлшерінде қосымша төлем бар екенін, 2022 жылдан бастап қызметтік үй-жайларды тазалаушыларға еңбек демалысына шыққанда медициналық жәрдемақы берілетінін, кітапханашыларға лауазымдық жалақысының 30% мөлшерінде қосымша төлем бар екендігін айта келе, «Тек ішкі ұйымшылдық, жағдайды бағалаудағы бірлік, іс-әрекеттегі ортақтық қана ұйымымызды нығайтуға ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік саясатқа ықпал етуге, сол арқылы кәсіподақ мүшелерін қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді» деп сөзін аяқтады.
Техникалық шығармашылық орталығының әдіскері Айгуль Бегаулова ғасыр жасаған ұйым – салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдарының қоғамдағы орнына тоқталса, №46 орта мектептің техникалық инспекторы Сержан Шәкенов ұжымдық шарт талаптарына сәйкес қызметкерлер тегін медециналық тексеруден өтіп, олардың еңбек ету жағдайының жақсара түсуі үшін білім мекемесінде жасалған игі істерді атап өтті.
Кәсіподақтың жарғылық мақсат-міндеттерін жүзеге асырудағы маңызды әрі жауапты жұмыстардың бірі - кәсіподақ бюджетін қалыптастыру, қаржы тәртібі мен реттілігін қамтамасыз ету болып табылатынын ескере келе, Пленумда Тараз қалалық комитетінің 2024 жылға арналған сметасы туралы ақпарат беріліп, бекітілді. Күн тәртібінде қаралып, талқыланған негізгі сұраққа қатысты ұсыныстар ескеріле отырып Қаулы қабылданды.
Мұнан кейін Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова сөз алып, басым көпшілігін білім саласы қызметкерлері құрайтын ардагерлер кеңесіне Кәсіподақ ұйымы үнемі көмек көрсетіп келе жатқанын, барлық қайырлы істердің басы-қасында сала ардагерлерінің болуы кейінгі толқынға үлгі тұтарлық жағдай екенін жеткізіп, алғыс білдірді. Жиынды қорытындылаған Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбеков қалалық ұйымның былтырғы жұмысын «қанағаттанарлық» деп бағалап, ҚР кәсіподақтар федерациясының шешімімен «Лайықты еңбек жылы» деп жарияланған 2024 жылы да кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау және оған лайықты жалақы төлеу бағытындағы мақсатты жұмыстарды белсендіре түсуге шақырды.
Пленум соңында үздік сала қызметкерлері білім саласын дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі үлесі үшін облыстық ұйымның Құрмет грамотасымен марапатталса, бірқатар бастауыш ұйым жетекшілері белсенді қызметі үшін шипажайға жолдама сертификаттарына ие болды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-