ЖУАЛЫ АУДАНДЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың қатысуымен Б.Момышұлы ауылындағы №15 Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-тірек мектебінің мәжіліс залында Кәсіподақтың Жуалы аудандық комитетінің «Жаңа Қазақстан – жаңа кәсіподақ» атты салалық Тұжырымдаманы іске асыру бойынша атқарған жұмыстарын саралаған Пленум өтті. Пленум мүшелерінен бөлек білім мекемелерінің басшылары, Атқару комитетінің мүшелері мен бастауыш ұйым төрағаларының қатысуымен өткен алқалы жиында атқарылған жұмыстар туралы есепті баяндаманы комитет төрағасы Мәжит Айжанов жасады.
«Кәсіподақ мүшелерінің еңбек қатынастарын реттеуде жұмыс берушілермен сындарлы диалог орнатылып, әлеуметтік әріптестікке ерекше пәрмен берілген. Аудандағы 71 білім мекемесіндегі 3900 кәсіподақ мүшесін қамтыған ұжымдық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге 2023 жылы әлеуметтік әріптестердің 66 923 460 тг. қаражаты жұмсалды. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссияның 1 отырысында 1 сұрақ талқыланса, жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі Келісу комиссиясының 11 отырысы өтіп, онда 11 арыз-өтініш қаралды. Құқықтық қызмет бойынша 2023 жылы заңгердің қабылдауында 253 сала өкілі болып, құқықтық сипаттағы 779 қызмет көрсетілді. Құқықтық инспектормен еңбек заңдылығын бақылау бойынша 50 тексеру жүргізіліп, еңбек заңдылығын бұзудың 133 жағдайы анықталды. Кәсіподақ мүшелерінен 35 арыз-өтініш түсіп, 34 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық почта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 704 құрады» деді Мәжит Айжанов.
Баяндамадан белгілі болғандай, былтыр 4 оқу семинары ұйымдастырылып, 320 сала қызметкері мен жұмыс беруші өкілі кәсіподақтық оқумен қамтылған. Сала қызметкерлерін кәсіподаққа ынталандыру мақсатында халықаралық әйелдер күні - 188, Отан қорғаушылар күні - 165, Еңбек күні - 146, кәсіподақтар күніне орай - 108 сала қызметкері түрлі марапаттарға ие болса, 5 жас маманға қамқорлық көрсетілген. Тарихи-танымдық экскурсияға 496 сала өкілі мен олардың отбасы мүшесі қамтылса, 150 адам шипажай жолдамасына ие болып, денсаулығын түзеген.
- Кәсіподақтағы құқықтық қызметтің пәрменді әрекеті арқылы саладағы әр санаттағы еңбеккердің қалтасына 2023 жылы 3 869 477 аса соманы қайтаруға қол жеткізілген, ал келтірілген экономикалық тиімділік 72 176 563 тг. қаржыны құрады, - деді сөз соңында Мәжит Айжанов.
Есепті баяндамадан соң ұжымдық шарт талаптарын орындау бойынша Жуалы ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев сөз алды.
- Ел болашағын қалыптастыру – ұстаздар қауымынан басталады. Сондықтан да біз әлеуметтік әріптестікті қазіргі таңда ойлау мен әрекеттің еркіндігі, ынтымақтастық пен жауапкершіліктің жоғарғы өркениеттің деңгейі ретінде қабылдаймыз. Білім бөлімі мен бөлімге қарасты мекемелерге 291 арыз-өтініш, ұсыныс түсті. Соларды сараптай келе білім бөлімі бірқатар ұсыныстар беруді жөн санайды. Ең алдымен, мекеме басшыларының және техникалық қызметкерлердің айлық жалақысының мөлшерін арттыру қарастырылса. Екіншіден, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының басшыларын және педагогтардың конкурстық тағайындау қағидасын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығына жеңілдетілген өзгерістер енгізілсе. Үшіншіден, мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 10 тамыздағы №669 бұйрығына мектеп директорының ақпараттық ісі жөніндегі орынбасарлары мен кәсіптік бағдар беру ісіне жауапты мамандар штаттық бірлікке енгізілсе, - деді білім бөлімінің өкілі.
Жиында сөз алған №30 Көктөбе орта мектебінің мұғалімі, «Үздік педагог-2023» республикалық байқауының жеңімпазы Айшат Қалдасбекова байқауда жетістікке жеткенінде зор мүмкіндіктері бар білім ордасында, талабы мықты ауданда қызмет ететінін мақтан етіп, ұжымда іскерлік орта, қолайлы жағдай қалыптастырған кәсіподақ ұйымының ыстық ықыласы мен қолдауын сезінгенін жеткізсе, Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның мұғалімі әрі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айман Омарова медициналық сақтандыру қорына аударылатын қаражатты білім бөліміне қарасты есепшілер әр айға бөліп аударуды назарға алса деген ұсынысын айтты.
Жиындағы қорытынды сөзді Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков алып, облыстық ұйымның өткен жылдағы көпвекторлы жұмыс бағыттарындағы көрсеткіштерге тоқталды, сонымен қатар қоғамдық ұйымның алдағы міндеттері туралы айтты.
- Федерацияның шешіміне сай 2024 жыл – кәсіподақтар үшін «Лайықты еңбек жылы» айдарымен өтеді. Кәсіподақтың осы бағыттағы жұмысының қауқарын күшейте түсетін, ең бастысы сала өкілдері үшін пайдалы болатын әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыру туралы нақты қадамдар бар. Оның ең алғашқысы 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімдер мен ұжымдық шарттар қабылдау. Мұны бірлескен қимылдар мен қауымдасқан тірлік арқылы ғана іске асырып, оң нәтижелерге қол жеткізуге болатындығы анық. Осы бағытта біз жақсы ұйымдасқан, тәртіп пен реттілігі жоғары, іргесі берік, қандай жағдайда да көмек қолын соза алатын біртұтас ұйым ретінде әрекет ете беретін боламыз, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Алқалы жиын барысында Жуалы аудандық комитетінің 2024 жылға арналған кіріс-шығыс сметасы талқыланып, бекітілді. Сондай-ақ, Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназиясы мен №30 Көктөбе орта мектебінің ұжымына кәсіподақтық тәртіпті сақтау мен жарғылық талаптарды орындаудағы жетістіктері үшін бағалы сыйлықтар берілсе, бірнеше сала қызметкеріне мерейтойлық даталы күндеріне орай құрмет көрсетілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-