ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ І ПЛЕНУМЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Филиалдарының 2023 жылды қорытындылаған жоспарлы пленумдары өз мәресіне жетті. Ақпанның 15 күні ақтық алқалы жиын Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың қатысуымен Жамбыл ауданының Аса ауылында өтті. Жиынға пленум мүшелері, кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері, әлеуметтік әріптестер қатысып, негізгі мәселе ретінде «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» атты салалық Тұжырымдаманы іске асыру барысын талқылап, алдағы межелі міндеттерді айқындады.
Алғаш болып мінбеге көтерілген ауданның бас ұстазы-бас әлеуметтік әріптес Зәуре Абдирасилова 2021-2023 жылдарға жасалған ұжымдық шартпен 4250 сала қызметкері-кәсіподақ мүшесін әлеуметтік қолдау бойынша атқарылған жұмыстарына тоқталды.
«Өткен жылы салаға 18 млрд. 773 млн. 580 мың теңге бөлініп, толық игерілді. Биыл қаржыландыру 20 млрд. 221 млн. теңгені құрап отыр. 2023 жылы кіші қызметкерлерге арнайы киімдер 2 млн. 456 мың теңгеге алынды. Педагог қызметкерлерді медициналық тексеруден өткізу үшін 3265 білім қызметкері мен кіші қызметкерлерге, шағын орталық қызметкерлеріне – 8 млн. 300 мың теңге бөлінді. Кәсіподақ ұйымымен бірлесіп педагогтердің толық жүктемемен жұмыс жасауын ұдайы қатаң бақылауда ұстаймыз. 2023 жылы 76 жеке тұлғадан, 34 заңды тұлғадан, 1 анонимді және 3 ұжымдық арыз шағым мен өтініш тіркеліп, 1 арыз сотта қаралып, сот шешімінің орындалуы бақылауға алынды» деген Зәуре Абдирасилова ұжымдық шартқа сай төленіп отырған қосымшалар туралы да айтты.
Өз кезегінде Ұжымдық шарттарда көзделген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің ең ұтымды тәсілі Әлеуметтік әріптестік екенін баса айтқан аудандық кәсіподақ Филиалының төрағасы Бауыржан Валиев келісім арқылы ауылды жерде жұмыс істейтін педагог мамандарға 25% қосымша ақы, педагогтарға 1 реттік коммуналдық шығын үшін 5 АЕК мөлшерінде қаржы төленіп отырғанын, кіші қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақысы, мектеп директорлары мен орынбасарларына 8 сағаттық жүктеме алу мүмкіндігі берілгенін айтып, салада бар бірқатар мәселелерге де тоқталды.
- Білім ұйымдарындағы кіші қызметкерлер, электриктер, слесарьлар арнайы киіммен және құралдармен толық қамтамасыз етілмейді.
Әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шарттың 11.13 тармағына сәйкес кәсіподақ өкілдері жұмыс берушілердің мәжілістеріне, комиссия жұмыстарына және өзге де шараларға қатысуын қамтамасыз етеді және 11.14 тармағына сәйкес кәсіподақ өкілдерін білім бөлімі алқасының, басқа да комиссия құрамына енгізетіндігі мазмұндалған. Бұл Еңбек кодексімен көзделген қызметкерлердің білім беру ұйымдарын басқаруға қатысуына жағдай жасайды. Алайда, Ұжымдық шарттың бұл бағыты толық орындалмай отыр. Бірқатар білім беру ұйымдарында кәсіподақ өкілдерін комиссия жұмыстарына және өзге де шараларға қатысуын қамтамасыз етпей отырған мысалдар бар. Сонымен қатар, барлық білім мекемелерінде өзекті болып тұрған мәселенің бірі - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Жарналар уақтылы түскенімен, мұғалімдердің медициналық қызметті ала алмауы, орталықтандырылған бухгалтерияның бағдарламасына өзгеріс енгізу туралы мәселе ашық түрде қалып отыр, - деді Бауыржан Абдуллаұлы.
Негізгі баяндамадан соң жарыссөзге жазылған Абай атындағы орта мектеп директоры Қайыржан Сисенғалиев білім мекемелерінде еңбек даулары азаматтардың құқықтық тұрғыда сауаттарының жеткіліксіздігінен, тараптардың құжаттарға келгендегі салғырттығынан орын алатынын айтып, осы тұрғыда Келісу комиссияларының атқаратын рөлі зор екенін, бұл түптеп келгенде ұжым бірлігін сақтауға әкелетінін айтса, №3 орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Назира Меңлібаева білім мекемелеріндегі әлеуметтік әріптестікті нығайту жағдайындағы жұмыстарға әрдайым қолдау көрсетіп, педагогтардың құқықтық қорғалуына жағдай жасап отырған аудандық кәсіподақ ұйымының жұмысын оң бағалап, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау бойынша былтырғы жылдың қорытындыларымен ақпараттандырған құқықтық инспектор Әйгерім Сәрсенбаева білім беру мекемелерінде қоғамдық бақылау бойынша 63 тексеру жүргізіп, 136 заң бұзушылық анықтағанын, келіссөздер мен ұсыныстардың қорытындысы нәтижесінде одақ мүшелеріне жалпы қайтарылған сома 18 млн аса теңгені құрап, экономикалық тиімділік 205 млн теңгеге жеткенін айтты.
Жиынды қорытындылаған облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков аудандағы әлеуметтік әріптестік пен кәсіподақ мүшелерін қолдау мен құқықтық қорғау жұмысын қанағаттанарлық деп бағалап, биылғы Лайықты еңбек жылы аясында еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғауды жақсарту сынды негізгі міндеттерді бірлесіп шешуде сәттілік тіледі.
- Салада жүзеге асырылып жатқан оң бастамалармен қатар түйткілді мәселелер де жоқ емес. Білім саласын бюджеттік қаржыландырудағы түйткілдер, ынталандыру төлемдерін енгізу бойынша жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарымен жұмысты тоқтатпау керек. 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік актілерін қабылдау, насихаттау, оны жүзеге асыру үлкен күшті қажет етеді. Әлі күнге дейін шешімін таппай жүрген мәселенің бірі – бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан білім беру ұйымдары басшыларына салынатын айыппұл мәселесі өте өзекті. Осы орайда, біз әлеуметтік әріптестермен еңбек жағдайларын жақсартуды ілгерілете отырып құқықтық сауаттылықты арттыру, кәсіби біліктілікті дамыту, кәсіподақ көшбасшыларын белсендіру мақсатында күш-жігерімізді жалғастыратын боламыз», - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Кәсіподақтың қаржы-шаруашылық қызметі, оның ішінде кірістер мен шығыстар сметасын бекіту, оның орындалу есебін тыңдау Жарғыға сәйкес Пленум құзыретінде болғандықтан алқалы орган мүшелері өткен жылдың қорытындысын тыңдап, 2024 жылға арналған кіріс-шығыс сметасын бекітті. Мұнан соң бірқатар сала қызметкерлері «Кәсіподақ ардагері» және «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісіне ие болды. Сонымен бірге Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына байланысты білім саласында еңбектеніп жүрген ардагерлерге құрмет көрсетіліп, аудандық «Жас маман» байқауының жеңімпаздары да марапатталды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-