КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫ ЖҰМЫСЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Еңбек даулары және оларды шешудегі Келісу комиссияларының рөлі. Еңбек дауларын сотқа дейін қарау тәжірибесі» тақырыбында облыстық семинар өтті. Кәсіподақтық семинарға аудандық және қалалық деңгейдегі, сонымен бірге еңбек ұжымдарындағы Келісу комиссиясының өкілдері, барлығы 63 сала қызметкері қатысты.
Семинар жұмысын Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков кіріспе сөзбен ашып, іс-шараның сәтті өтуіне тілектестік білдіріп, «Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?» деген тақырып аясында дәріс жүргізді.
Негізгі сұрақ – «Келісу комиссиясы қызметінің құқықтық негіздері. Келісу комиссиясын құру мен оның жұмыс тәртібі. Қызметкерлердің тәртіптік жазаларына байланысты еңбек дауларын қарау тәжірибесі» сұрағын Жергілікті кәсіподақтың Тараз қалалық комитетінің құқықтық инспекторы Арман Стыбаев тарқатып, мысалдар келтіре отырып түсіндірді.
- Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссиясы тұрақты жұмыс жасайтын орган болып табылады және заңды тұлға мәртебесіне ие, сондай-ақ әрбір білім беру мекемесінде кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінен тең құқылы жағдайда жасақталады. Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссиясы 3 жылға дейінгі мерзімге, яғни ұжымдық шарттың немесе әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің әрекет ету мерзіміне құрылады. Осы мерзім ішінде тараптар өз өкілдерін комиссия құрамын қалыптастыру үшін белгіленген тәртіпте алмастыра алады, барлық өкілдердің өкілеттіктері комиссияның құрылған мерзімінің аяқталуымен бірге аяқталады, - деген модератор комиссия жұмысын жүргізу, оның құжаттарын рәсімдеу, шешімдер шығару мен олардың орындалу тәртібі туралы да түсіндіріп өтті.
Семинарда сөз алған Төраға орынбасары Жанболат Орынбеков жеке еңбек дауын сотқа дейін шешудің тиімділігі туралы айтып, Келісу комиссиясы қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы ұйымда туындайтын жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі сотқа дейінгі міндетті бастауыш орган болып табылатынын және ешбір ерекшеліксіз туындаған барлық жеке еңбек дауларын қарауға міндетті екенін жіті түсіндірді. Сонымен бірге, комиссия құрамына сайланған қызметкерлерге комиссия жұмысының уақытында орташа жалақылары сақталатынын, комиссия мүшелерін жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға және тәртіптік жаза қолдануға тек кәсіподақ комитетінің алдын ала келісімімен ғана жол берілетінін ескертті.
Семинар соңында еңбек және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағаты өтіп, қатысушыларға оқудан өткендігін растайтын сертификат берілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-