ЖЕКЕ ЕҢБЕК ДАУЛАРЫ ҚАЛАЙ РЕТТЕЛЕДІ?
Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының шешімімен биыл - Лайықты еңбек жылы. Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың айтуынша, жылдың басым бағыттары - еңбек саласындағы негізгі қағидаттар мен құқықтарды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек жағдайын жақсарту және жұмысшыларды әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және лайықты жалақыға қол жеткізу. Бұл туралы ақпанның 22-23 күндері өткен «Еңбек даулары және оларды шешудегі келісу комиссияларының рөлі» тақырыбындағы облыстық семинарда кеңінен айтылды.
Былтыр Жамбыл облысында Жеке еңбек дауларын қарау бойынша 1 облыстық, 11 аудандық және бастауыш ұйымдарда 779, барлығы 791 комиссия қызмет жасаған. Барлық комиссияға 4434 сала қызметкері мүше болып, облыстық деңгейде 36, аудандық деңгейде 22, ал бастауыш ұйымдарда 4 сұрақ қаралған. Бұл зиялы қауым еңбек етіп, жас желкенге сапалы білім, саналы тәрбие беретін білім ошақтарындағы мұғалімдер мен қызметкерлер арасында да жеке еңбек даулары туындап, мәселе ушығып тұратындығының белгісі. Содан болар, барлық санаттағы жеке еңбек даулары ҚР Еңбек кодексінің 23 б. 2 т. 26) тт. сай жұмыс беруші міндетті түрде құруы тиіс Келісу комиссиясында сотқа дейін қаралуы қажет болса, 159-баптың 8 тармақшасына сай комиссия мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайын оқудан өтуге міндетті.
Семинарды ашқан Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысушыларды оқу бағдарламасымен таныстырып, семинардың мақсаттары мен міндеттерін белгіледі, туындайтын жеке еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу үшін қаралатын мәселелердің қаншалықты маңызды және өзекті екенін түсіндірді. Еңбек қақтығыстарын шешудің айла-шарғысы қандай, қайтсе мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуге болады, ал орын алған жағдайдағы кәсіподақ ұйымдарының қызметі туралы баяндады.
- Жергілікті кәсіподақ ұйымына 65 мыңнан аса сала қызметкері мүше. Бұл 65 мың жеке еңбек дауы туындау мүмкіндігін білдіреді. Еңбек дауларының болмағаны жақсы, оның алдын алған тіпті тиімді. Ал дау туындағанда тараптар бірінші Келісу комиссиясында өз талаптарын айтып, мәселені мәміле, келіссөз арқылы шешеді. Келісу комиссиясының шешімі заңмен белгіленген мерзімде орындалмаса немесе қайсы бір тарапты қанағаттандырмаса ғана сотқа жүгінеді. Сондықтан да, біз комиссия мүшелеріне еңбек заңнамасын қолдану, құқықтық сауатты көтеру, сонымен бірге еңбек кодексімен көзделген міндетті оқытуды өз жауапкершілігімізге алып отырмыз, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Оқыту семинарында Жергілікті кәсіподақтың Тараз қалалық комитетінің құқықтық инспекторы Арман Стыбаев Келісу комиссиясы қызметінің құқықтық негіздері, Келісу комиссиясын құру мен оның жұмыс тәртібі, еңбек дауларын қарау тәжірибесі туралы айтты.
Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссиясы тұрақты жұмыс жасайтын орган және кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінен тең құқылы жағдайда жасақталатыны, ұжымдық шартта комиссия мүшелерінің сандық құрамы, төраға мен хатшыны сайлау тәртібі, келісу комиссиясына өтініш беру тәртібі, комиссияның жұмыс тәртібі мен регламенті, шешім қабылдау тәртібі мен оның мазмұны, комиссия мүшелерінің өкілеттік мерзімі, оларға кепілдіктер беру туралы ережелер және өзге де мәселелерге тоқталды.
- Келісу комиссиясының әрбір отырысында төраға мен хатшының міндеттерін кәсіподақ комитетінің өкілі мен жұмыс берушінің өкілі кезектесіп атқарады. ҚР Еңбек кодексінің 159-б. 4-т. сай Келісу комиссиясына келіп түскен өтініш берілген күні міндетті түрде тіркелуі тиіс. Дау өтініш берушінің қатысуымен қаралады. Өтініш берушінің жазбаша келісімі болған кезде дауды оның қатысуынсыз қарауға жол беріледі. Өтініш берушінің Келісу комиссиясының шешімі шығарылғанға дейін комиссия хатшысын өтінішті кері қайтарып алу туралы жазбаша хабардар ете отырып, бұрын берілген өтінішін кері қайтарып алуға құқығы бар. Біздің аймақта қабылданған әлеуметтік әріптестік туралы Келісім және Ұжымдық шарттың №13 қосымшасына сәйкес Комиссияға түсетін өтініштерді қабылдауды және тіркеуді жұмыс беруші жүргізеді, еңбек даулары бойынша комиссияның атынан азаматтармен және ұйымдармен жүргізілетін қатынас хаттар да жұмыс беруші есебінен және оның бланкілерінде жасалады. Комиссия жұмысының барлық шығындарын жұмыс беруші өтейді, - деді Арман Стыбаев.
Ал Төраға орынбасары, облыстық білім басқармасы жанынан құрылған Келісу комиссиясының мүшесі Жанболат Орынбеков жеке еңбек дауын сотқа дейін шешудің тиімділігіне тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті.
- Еңбек Кодексінің 159-б. 5-т. сай Келісу комиссиясы дауды өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қарауға және дау тараптарына шешімнің көшірмесін ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде беруге міндетті. Қарау мерзімі объективті себептерге байланысты және тараптардың бірінің өтініші бойынша ұзартылып, ол туралы жеке шешім шығарылуы тиіс. Комиссияның себептердің объективтілігі және мерзімін ұзарту туралы шешімі дауыс беру арқылы қабылданады. Егер жеке еңбек дауын қарау кезінде отырысқа жұмыс беруші өкілдері мен жұмыскерлер өкілдерінің тарапынан келісу комиссиясы мүшелерінің тең саны қатысса, келісу комиссиясының отырысы мен шешімі заңды болып табылады. Дауыс беру кезінде келісу комиссиясының әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады. Шешім уәжді болуға, жазбаша нысанда жазылуға және оған келісу комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қоюға тиіс. Келісу комиссиясының мүшелері жеке еңбек дауын қарау уақытында жалақысы сақтала отырып, еңбек міндеттерін орындаудан босатылады. Еңбек даулары жөніндегі комиссия отырыстары комиссия мүшелері, мүдделі қызметкер, сондай-ақ куәгерлер және шақырылған мамандар мен сарапшылар мәжіліске өздеріне қолайлы мезгілде қатыса алатындай уақытта өткізіледі, - деді Жанболат Тұңғышбекұлы.
Ұжымдық шарттың №13 қосымшасына сәйкес жеке еңбек даулары жөніндегі комиссияның шешімдерін ұйым әкімшілігі онда белгіленген мерзімде орындауға тиіс. Жұмысқа қайта алу туралы шешім дереу орындалуға тиіс. Бұрынғы жұмысына қайта алынған қызметкерге амалсыз бос жүрген (жұмыстан шеттетілген) барлық уақыты үшін орташа жалақысы немесе басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылуы кезінде төмен ақы төленетін жұмысты орындағаны үшін, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа жалақыдағы айырма төленеді.
- Қызметкерге тәртіптік жаза шарасын қолдану туралы дауды шеше отырып, еңбек даулары жөніндегі комиссия заңсыз салынған немесе теріс қылықтың қатаңдығына сәйкес келмейтін жазаны жоя алады. Дегенмен, комиссия бір жазаны екінші жазалау шарасымен алмастыра алмайды, өйткені ҚР ЕК 65-бабына сәйкес тәртіптік жаза шараларын таңдау құқығы жұмыс берушіге тиесілі. Басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған немесе жұмыстан шеттетілген қызметкерді жұмысқа қайта алу туралы шешім дереу орындалуға тиіс, - деді Жанболат Орынбеков өз сөзінде.
Семинар соңында еңбек және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағаты өтіп, тыңдаушылардың сауалдарына заңгерлер жауап берді. Барлық қатысушыға игерілген тақырып бойынша әдістемелік құралдар және оқудан өткендігін растайтын сертификат берілді.
Қатысушылар өздерінің алғыстарын білдіріп, семинар жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фотографии
-