КЕЛІСІМ – ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТ
Бүгін, 27 ақпан күні, Атырау облыстық әкімшілік үйінде «Атырау облысы Білім беру басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі арасында 2024 – 2026 жылдарға жасалған Әлеуметтік Әріптестік туралы КЕЛІСІМ-ге, басқарма басшысы Ерлан Сламбеков пен салалық кәсіподақтың төрағасы Қылышбай Сүндетұлы қол қойды.
Келісім Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне, өзге де заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау мен қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, сондай-ақ заңдармен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен, Әлеуметтік әріптестік туралы Бас келісіммен, салалық тарифтік, аймақтық келісімдермен белгіленгеннен де оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейтін жұмыс беруші мен жұмысшылардың өзара міндеттемелерін анықтау мақсатында жасалынды.
Аталмыш құжат, «Атырау облысы Білім білім беру басқармасы» ММ мемлекеттік өкілетті орган болып табылатын барлық білім беру ұйымдарында әлеуметтік-еңбек қатынастарды реттейтін құқықтық акт болып табылады.
Келісім 13 тараудан және 14 келісімнің қосымшаларынан тұрады. Олардың арасында қызметкерлермен жасалатын еңбек шарты, қызметкерлердің кәсіби даярлығы, қайта даярлау мен біліктілігін арттыру, жұмысшылардың босауы және олардың еңбекпен қамтылуына септік ету, жұмыс уақыты және демалыс уақыты, еңбек ақы мен еңбек нормалары, кепілдіктер мен өтемақылар, еңбек пен денсаулықты қорғау, кәсіподақ қызметінің кепілдіктері мен міндеттемелері және т.б. мәселелер толығымен қамтылған.
Осы тұста кәсіподақ мүшелері тарапынан туындайтын төмендегі мәселелерге назар аударған дұрыс. Атап айтқанда, алтыншы тараудағы «Еңбек ақы мен еңбек нормалары» атты тараушада «Қызметкерге уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындағаны үшін қосымша ақы нақты көлеміне қарай, бірақ қызметкердің өз лауазымдық жалақысының 50 пайызынан кем болмауы тиіс. Орындалатын жұмыстың нақты көлемі жұмыс беруші мен қызметкердің келісімімен анықталып, жұмыс берушінің бұйрығында көрсетілуі тиіс және егер уақытша жоқ қызметкердің міндеттемелерін толық орындаған жағдайда қызметкерге 100 пайыз белгіленеді. Уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін негізгі жұмыс уақытынан бос кезде орындайтын қызметкерлерге, көп жағдайда мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілеріне, қосымша ақы қызметкердің өз лауазымдық жалақасының 100 пайызы көлемінде тағайындалады және төленеді.
Тараптар педагогикалық қызметкерлерге оқушылардың күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникул кезеңдеріндегі жұмыс уақыттары үшін еңбек ақы төлеу каникул алдындағы тарификацияда және (немесе) атқарылатын жұмыстың еңбек шартымен көзделген нақты көлемінен құрылып белгіленген мөлшерде жүргізілетіні туралы келісімге келді.
Педагогикалық жұмысты штаттық лауазымнан тыс атқаратын педагогикалық қызметкерлерге (мұғалімдер, оқытушылар, тәрбиешілер және т.б.) оқу жылының басына тарификациялық тізімдер жасалады және бекітіледі. Тарификациялық тізімдерді білім беру ұйымдарының басшылары өз бұйрықтарымен, оның құрамына міндетті түрде бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің өкілдерін қатыстыра отырып, тарификациялық комиссия жасайды.
«1 сыныпты жүргізуші» В,С,Д,Е санаттары болғанда сыныптық біліктілігі үшін БЛА-дан 35% мөлшерінде үстемеақы төленеді; «2 сыныпты жүргізуші» В,С,Е немесе В,С,Д немесе Д (Д и Е) санаттары болғанда сыныптық біліктілігі бар жүк және жеңіл автомобилдердің, автобустардың білім беру ұйымдарының жүргізушілеріне БЛА-дан 20% мөлшерінде үстемеақы төленеді.
Білім беру ұйымдарының жүк және жеңіл автомобилдердің, автобустардың жүргізушілеріне қызметкердің лауазымдық жалақысының 50 пайызынан кем емес көлемде қосымша ақы беріледі», – деген жолдар бар.
Сондай-ақ, жетінші тарудағы «Кепілдіктер мен өтемақылар» атты тараушада «Қызметкерлерге еңбек шартын бұзу туралы хабарландыру зейнет жасына жеткеннен кейін, еңбек шартын бұзу күнінен бір ай бұрын жолдануы тиіс. Зейнет жасына жеткен педагогикалық қызметкермен еңбек шарты, жоғарыда көрсетілген негіз бойынша, оқу жылы аяқталғаннан кейін бұзылады» делінсе, сегізінші тараудағы «Еңбек пен денсаулықты қорғау» тараушада «8.1. Білім басқармасы келесі міндеттемелер алады: 8.1.15. Білім беру ұйымдарының барлық қызметкерлерінің бастапқы және мерзімді міндетті тегін медициналық тексеруден (сараптамадан) өтуін және сол уақытқа жұмыс орындары (лауазымдары) мен жалақыларының сақталуын қамтамасыз ету» делінген.
Қорыта келгенде, «Атырау облысы Білім беру басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі арасында 2024 – 2026 жылдарға жасалған Әлеуметтік Әріптестік туралы Келісім, аймақтың білім беру ұйымдарындағы барша қызметкерлердің нәтижелі еңбек етуіне оң ықпалын тигізеді деген сенім мол.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі