ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫ ҰЛЫҚТАУ
Ағымдағы жылдың 28 ақпан күні Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ақсоғым ауылдық округіне қарасты Еңбек негізгі орта мектебіндегі «Парасат» және «Ерен еңбегі үшін», сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ұлағатты ұстаз, ақын, журналист Дариға Мұштановамен «Даланың дарынды Дариғасы» тақырыбында кездесу кеші өткізілді.
Ақынның 70 жылдық мерейтойына Батыс Қазақстан облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының атынан бас маман - ұйымдастырушы Марина Темиргалиева, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры актрисасы Нұргүл Жұбатова және «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, әнші-композитор Күләш Қуанышқалиевалар арнайы қатысты.
Ақынды құрметпен қарсылап, оқушылар Дариға Мұштанованың өлеңдерін оқып берді. Ақжайық ЖОББМ-нің оқушысы Ділназ Исмағұл домбыраны күмбірлетіп, әсем ән шырқады.
Шараға жас ұстаздар қауымы қатысып, тізгін алған аудандық балалар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогі және Теректі аудандық кәсіподақ Жастар кеңесінің төрағасы Үміткер Орынғалиев сауалдар қойып, Дариға Ғазезқызы «Үміт» лингвистикалық гимназиясының қалыптасу кезеңдерін үлкен толқыныспен еске алды. Дариға Мұштанованың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде, шет мемлекеттерде жемісті еңбек етуде. Кездесу аясында сонау АҚШ-тан Қайрат Сапаров есімді шәкірті Видеоқұттықтау жолдады.
Кеш барысында ақынның өлеңдері мәнерлеп оқылып, ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып қошеметке бөленді.
Залға жиналған жас ұстаздар кеш кейіпкеріне көкейде жүрген сауалдарын қойып, ақын Ақжайық, Ақсоғым, Шағатай, Абай ауылдарындағы білім ордаларына өз қолтаңбасымен «Аңыз болған абысындар» кітабын сыйға тартты. Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров ақынның иығына камзол жауып, құрмет көрсетті.
Облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Марина Темірғалиева төраға Марат Дауапаевтың сәлемін жеткізіп, Дариға Мұштановаға «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісі мен Алғыс хат табыстап, ақынға шипажайға жолдама сыйлады.
Ақсоғым ауылдық округінің әкімі Муфтах Ғұмарұлы және Теректі аудандық білім қызметкерлерінің ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлайым Асқарова ізгі лебіздерін білдіріп, құттықтау хат ұсынды.
Кездесу кешінің қорытындысында ақын, ұстаз Дариға Мұштанова сөз алып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
- Теректі деген мен үшін өте ыстық мекен. Осы ауданда азды-көпті қызмет қылдым. Жаңа жинағым шықса осы Теректіде тұсаукесерін жасауға асығып тұрам. Ауданның халқы да маған құшағын айқара ашады. Енді талай асудан өтіп, дөң басына шықтым. Жетпіс деген жасты мен осылайша суреттеймін. Бүгінгі шараны ұйымдастырған барша теректіліктерге, аудан басшылығына, Өркен Бижанов бастаған Ақсоғымдағы су жаңа мектептің ұжымына алғыстан басқа айтарым жоқ, - деп Дариға Ғазезқызы сиясы кеппеген өлеңін оқып, кездесуді аяқтады.
Ақынның үлкен кеші наурыз айында «Атамекен» өнер ордасында жалғасын таппақ...
Батыс Қазақстан облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы
-
Фотографии
-