БІЛІМ ҰЯСЫНА - 40 ЖЫЛ
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылында орналасқан №2 жалпы білім беретін мектептің іргетасы қаланғанына 40 жыл толуын ерекше форматта «Сөз бен саз» бағдарламасымен атап өтті.
Мерейтойға арналған салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары С.Ноғаева, «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Байымбетова, Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Б.Демократұлы қатысып, мектептегі сапалы білімнің негізін қалаған білікті мұғалімдерді марапаттады. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімі С.Арықбаева мен көркем еңбек пәні мұғалімі К.Сапашеваға «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінен шипажайға жолдама табысталды.
Мерейтойға арнайы шақырылған ардагер ұстаздар, мектептің бұрынғы түлектері білім ұясының қазіргі жетістіктеріне куә болды.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен, ал ұстаз шәкіртімен көрікті» деген. Осы мектептен білім нәрін алып, көктеген талай жас шыбықтың тамыры тереңдеп еменге айналғанына Қызылтөбе ауылының тұрғындары куә. 40 жылда талай ұрпақ білім алып, тәрбие көріп, болашаққа қадам басты. Берісі – аудан, облыс, әрісі республиканың экономикасы мен мәдениетіне үлестерін қосуда.
Шара соңында мектеп түлектері өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ықыласына бөленді.
Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-