ҰСТАЗДАР ЖОЛДАМАЛАРҒА ИЕ БОЛДЫ
Ақтөбе облысының Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Кәсіподақ ұйымы - береке мен бірлік шаңырағы» тақырыбында дәстүрлі мерекелік шара өтті.
Мерекелік шарада жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық, аудандық кезеңінің жеңімпаздары мен ұстаздары марапатталды.
Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне оқушылар дайындап, білім сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін оқушылардың бірқатар жетекшілері марапатқа ие болды.
Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Рита Еркусимова ұстаздардың пәндік олимпиадаға дарынды жеткіншектерді дайындауда ықпалы зор екенін ерекше атап өтті. «Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Сіздердің еңбектеріңіз бен істеріңіз әрдайым ұмытылмайды», - деді.
Шарада ұстаздарға Алға аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы «Сайрам» шипажайы мен Түркістан қаласына тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалармен марапаттады.
-
Фотографии
-