ЖАҢАРУ КҮНІ – ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ
Наурызнаманың 6 күні, яғни 19 наурыз – «Жаңару күні» деп аталып, еліміздің жаңа тарихындағы кең ауқымды қайта құруларға жол ашқан жаңа саяси дәуірдің бастамасы идеологиясын бекіте түсуге арналған. Осы күні Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті Атқару комитетінің отырысы өтті.
«Кәсіподақ үйінің» мәжіліс залында өткен алқалы жиынға филиалдар мен тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлім жетекшілері, құқықтық инспекторлар мен есепші-мамандар, қызметкерлер қатысты. Басқосуды ашқан кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұлтымыздың мерейін өсіріп, болмысымызды айшықтайтын жыл басымен құттықтады.
- Әз-Наурыз – халқымыздың тірлігі мен бірлігінің, ырысы мен берекесінің көрінісі, бейбітшілік пен берекенің символы. Мереке халқымызды ел игілігі жолында аянбай еңбектенуге шақырып, шаңырағымызды ырысқа, дастарханымызды дәмге толтырады. Оның дәлелі ретінде Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының қызметін бағалау жүйесінің 2023 жылғы қорытындысы бойынша Жергілікті кәсіподақ ұйымы көш бастап, жеңімпаз атанды. Биыл да сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жұмысының сапасы мен нәтижелілігін жаңа қабылданатын келісімдер мен ұжымдық шарттар арқылы арттыруға тиіспіз. Біздің күшіміз бірлікте!, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Бұдан соң күн тәртібіндегі мәселелер - облыстық ұйымның қаржылық қызметінің 2023 жылғы жұмысының есебін бас есепші Гүлия Акимбаева берсе, құқықтық еңбек инспекциясының 2023 жылғы сала қызметкерлерін құқықтық қорғау жұмысының қорытындысы туралы ақпаратты инспекция басшысы Әлия Джолшибекова баяндады.
Былтыр 13 құқықтық инспекция заңгері 521 білім мекемесі мен ұйымында ҚР еңбек заңдылығының сақталуы жағдайын тексеріп, 1454 заң бұзушылық анықтаған. Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша оларды жою жөнінде тиісті ұсыныстар берілген. Облыстық ұйымда бекітілген есептілік бойынша көрсетілген құқықтық қызметтер саны - 11 510.
- Есепті мерзімде құқықтық қызметтің мамандарымен 11 331 өтініш қаралды, оның ішінде: еңбекке ақы төлеуде - 4 049, еңбек шартын бұзуда - 713, ұжымдық шарт жағдайларын орындамауда - 983, кәсіподақ органдарының жұмысы бойынша - 168, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауда - 402 және басқа мәселелер бойынша - 5 015. Құқықтық қызметтің мамандарымен 13 талап арыз дайындалып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда сотқа 5 талап арыз берілді, түрлі сот инстанциясында 11 рет өкілдік етілді. 2023 жылы мемлекеттік органдарға жолданған ұсыныс, түсіндірме беру үшін сұраныс хаттардың саны – 47. Құқықтық қызметтің белсенді әрекетінің нәтижесінде заңсыз жұмыстан шығарылуына байланысты 2 кәсіподақ мүшесі жұмысқа қайта қалпына келтіріліп, 14 заңсыз жұмыстан шығарудың алды алынды, - деді Әлия Игенбайқызы.
«Былтыр құқықтық қызмет мамандарымен оқылған лекциялар – 531, кәсіподақ мүшелерімен 73 семинар өткізілді. Құқықтық қызметтің барлық нысандардағы құқық қорғау жұмыстарының нәтижесінде білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне 2023 жылы 110 279 424 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат қайтарылып, төленді. Ал заң қызметінің 2023 жылғы жалпы экономикалық тиімділігі 404 776 380,3 теңгені құрады» деген бас инспектор бірқатар түйткілдерді де сөз етті. Мәселен, кейбір аудандарда облыс деңгейінде шешімін тапқан күрделі мәселелер, түрлі келіссөздер мен хат алмасуларға қарамастан әлі күнге орындалмай отырғаны айтылды. Сондай-ақ, аймақтық құқықтық инспекторлардың әрқайсысына жеке тоқталып, оң және кемшін тұстары туралы нақты сараптамалық мәліметтер мен деректер келтірілді.
Жиын барысында Біріккен комитет, Мойынқұм және Жуалы аудандары бойынша кәсіподақтық еңбек инспекторларының құқықтық қорғау жұмыстарының есебі мен «Қорғау-Тараз-2005» және «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС-нің 2023 жылғы өндірістік-шаруашылық және қаржылық қызметінің есептері тыңдалып, кәсіподақтық туризмді дамыту, кәсіподақтық ақпаратты жетілдіру, кәсіподақтық оқыту сапасын арттыру бағытындағы жұмыс тәжірибесі мен жобалары мақұлданды.
Күн тәртібінде қаралған басқа да өзекті мәселелер: 2024-2026 ж.ж арналған әлеуметтік әріптестік актілерін қабылдау, кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдерін сауықтыруды ұйымдастыру; «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» көркемөнерпаздар шығармашылығы фестивалінің аймақтық кезеңдерінің өту барысы мен кәсіподақтық марапаттаулар туралы сұрақтар талқыланып, Атқару комитеті мүшелерінің ұсыныстары ескеріле отырып әр сұрақ бойынша тиісті Қаулы қабылданды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-