ХРОМТАУЛЫҚ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ ДЕМАЛЫСТАН ОРАЛДЫ
Ұлыстың ұлы күнін ұстаздарымыздың бір тобы еліміздің ең таңдаулы шипажайларында қарсы алды. Көктемгі демалысқа шыққан педагогтер жылдағы игі үрдіс бойынша кәсіподақ тарапынан емдеу-сауықтыру шараларымен қамтылды.
Жылдағы үрдіс бойынша Хромтау аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы тарапынан педагогика саласында көпжылдық тәжірибесі бар, жоғары жетістіктерімен көзге түскен, көптеген білім додаларында топ жарған ұстаздар және еңбегімен еленген қызметкерлерге көңіл бөлініп, шипажайларға жолдама тарту етілді. Аталған аудан бойынша 200-ге жуық кәсіподақ мүшесі «Шипагер», «Айсары», «Жансая», «Сосновый бор», «Айша-бибі» шипажайында демалып қайтты. Аудан ұстаздарына, білім саласында еңбек ететін тәрбиешілерге, кітапханашыларға, кіші қызметкерлерге және мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасарларына кәсіподақ тарапынан шипажайға жолдама берілген еді.
Кәсіподақ мүшелері шипажайда түрлі аурулардың алдын алу және емдеу үшін қолданылатын әдістер, атап айтсақ, сумен, балшықпен емдеу, ингаляциялар, құрғақ көмірқышқыл ванналар, емдік дене шынықтыру, «Цигун» гимнастикасы, мануалды терапия, массаж, ине-рефлекс терапиясын қабылдады.
Емдеу-сауықтыру орталықтарында олар кешенді ем қабылдап, бос уақыттарын тиімді пайдаланды.
Ал, ауданның 30-ға жуық жас педагогы Түркістан қалаларының көрікті жерлері мен киелі орындарды аралады. Атап айтсақ, "Ғайып Ерен Қырық Шілтен", Нұх пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауы, Домалақ ана кесенесі, Арыстан баб пен оның шәкірттері Лашын баб, Хермет-Әзіре, Қарға баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне ат басын тіреп, тәу етті. Үкаша ата құдығынан зәмзәм суынан дәм татып, М.Шахановтың "Отырар дастанында" жырланған Отырар даласында болды.
-
Фотографии
-