АЛҒА АУДАНЫНЫҢ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНДЫ
Алға ауданының ұстаздары да көктемгі демалыс уақытын тиімді өткізді. Педагогикалық еңбек өтілі жоғары, кәсіби жетістіктерге қол жеткізген үздік ұстаздар кәсіподақ тарапынан емдеу-сауықтыру шараларымен қамтылды. Көктемгі демалыс кезінде Алға аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының қолдауымен 80-ге жуық кәсіподақ мүшесі денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік алды.
Педагогтардың бір тобы Қостанай облысындағы «Сосновый бор» шипажайында болды. Мұнда асқазан-ішек жолдары, өкпе, жүрек-тамыр жүйесінің, тірек-қозғалысы, зат алмасудың бұзылуы, аллергиялық және тері ауруларының алдын алу үшін барлық ем-дом жасалады.
Ал, 40-қа жуық кәсіподақ мүшесі киелі Түркістан қаласына саяхатқа барды. Ұстаздар тарихи-мәдени орындарды аралап, танымдарын кеңейтіп, рухани демалып қайтты. Бағдарлама бойынша жас ұстаздар Арыстан бабтың басына, Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне, Бәйдібек баба, Домалақ ана, Укаша ата өзге де киелі орындарға барып, тәу етті. Сондай-ақ,«Керуен Сарайды» аралап, жаңарған шаһардың заманауи келбетін тамашалады.
“Түркістан – тарихтың талайын көрген көне шаһар. Мұнда түркі тілдес халықтардың өткен ғасырлардағы салты мен санасын ұмыттырмайтын жәдігерлер сақталған. Ұлы даланың тарихын біліп, өткеннен мағлұмат алу – ұрпақ үшін құнды қазына. Киелі Түркістанға сапар біз үшін тарихи тағылымы мол, керемет сезім сыйлары сөзсіз”,- дейді кәсіподақ мүшелері.