ЫРҒЫЗДЫҚ ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Көктемгі демалыс кезінде Ырғыз ауданының мұғалімдері емдеу-сауықтыру шараларымен қамтылды. 50-ге жуық педагог "Мерке", "Сарыағаш", "Шипагер" шипажайларында демалып, денсаулықтарын ығайтуға мүмкіндік алды. Ұстаздар дәрігерлердің тағайындауымен әртүрлі емдік процедураларды қабылдап, бос уақыттарын тиімді өткізді.
"Сарыағаш" шипажайының негізгі емдеу тәсілі - минералды су болып табылады. Шипалы су созылмалы асқазан, ішек ауруларының алдын алып, емдейді. Сондай-ақ, өт жолдары, созылмалы бауыр аурулары, сусамыр, созылмалы колит, энтероколит, дисбактериоз сияқты бірнеше дертке дауа. Қырғыз Алатауының баурайынан бой тепкен «Мерке» шипажайының басты ерекшелігі — радонды минералды суында. Мұнда педагогтер радон ваннасын қабылдап, тірек-қимыл ауруларының алдын алуға басымдық беруде. Ал, «Шипагер» оңалту орталығы тірек-қимыл қозғалысы, артрит, артроз, буын аурулары мен тыныс алу жолдарын емдейді.
Сонымен қатар, жас кәсіподақ мүшелерінің бір легі "Шымкент-Түркістан" рухани-танымдық экскурсиясына аттанды. Саяхатқа аттанған мұғалімдер екі қаланың көрікті жерлері мен киелі орындарын аралады.
Айта кетейік, Ырғыз аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жемісті еңбек етіп жүрген 40 мұғалімге киелі Шымкент-Түркістан қалаларына жолдама берген болатын.
-
Фотографии
-