ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРЫ
Жамбыл облыстық «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының фестивалі 2001 жылы азаттықтың 10 жылдығына орай ұйымдастырылған. Ұйымдастырушылар – облыстық білім басқармасы мен білім қызметкерлерінің кәсіподағы болатын. Содан бері ұстаздардың өнер додасына айналған іс-шара 7 рет өтті. Биылғы VІІІ облыстық фестиваль Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Білім кәсіподағы: 100 жыл – бір бағыт, бір мақсат, бір мүдде» тақырыбы аясында өтуде. Іріктеудің алғашқы гала-концерті Тұрар Рысқұлов ауданындағы Мэлс Өзбеков атындағы Мәдениет үйінде өтті.
Бұл күні ұрпақ тәрбиесі жолында талмай еңбек етіп жүрген ардақты жандар өздерін өзге қырынан көрсетті. Фестиваль шымылдығы Р.Смаилов атындағы орта мектеп ұжымының «Мәңгілік ел» сахналық қойылымымен ашылды. Мұнан кейін Бауыржан Ақтаевтың «Алаш аманаты» шығармасын нақышына келтіре орындаған ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Жансая Сәрсенбаева халық әні «Арман-айды» орындап шықса, Өнер мектебінің ұжымы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты романынан алынған үзінді – «Найман-Ана» әңгімесінен сахналанған көрініс қойды.
Би номинациясы бойынша «Ақбұлақ» орта мектебінің ұстаздары орындаған «Тәңірге сыйыну», №1 мектеп-лицей ұстаздарының орындауындағы «Ару сыры» қазақ биі мен Қ.Сұлтанбеков орта мектебі ұстаздарының орындауындағы «Абысындар» биі дене қозғалысы мен қимылы арқылы көркем образды бейнелеп, ұлттық сахна өнерінің мәртебесін көтеріп тастады.
Фестиваль ережесіне сәйкес көркемсөз оқу жанрында Фараби Арыстанбектің «Әдебиет әлемінің алыптары» атты авторлық шығармасы аты айтып тұрғандай биыл даталы күндері аталып өтілетін ұлт әдебиетінің алыптары мен абыздарына арналып, тіл мен ділдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шындықтың шырақшысындай болған алыптарды қара өлеңмен әдемі әспеттеді.
Оригиналды жанр көрсетуде Өнер мектебі, М.Әуезов атындағы және №1 мектеп-лицейдің ұстаздарының өнеріне тең келетін ешкім болмаса, Сұлтан Әуелбеков пен 10 жігіттен тұратын вокалдық ансамблдің орындауындағы Лучано Павароттиден бастап Муслим Магомаевқа дейін көптеген жұлдыздар орындаған неополитандық ән «Funiculi, Funicula» тамаша әсер берді.
Әйгілі халық ақыны, әнші-композитор, боз даланың «бозторғайы» атанған Кенен Әзірбаевтің «Көк шолақ» әнін орындаған А.Шынасилов атындағы орта мектептің мұғалімі Ардақ Мелдебектің өнерін де қазылар алқасы жоғары бағалады.
Концерттік бағдарламаның соңын Сырым Әуезханның сөзіне жазылған Ибрагим Ескендірдің әні «Біз біргемізді» Айгүл Базарбаеваның дирижерлығымен орындап шыққан 150 ұстаздан құралған хор аяқтады.
Өнер көрсеткен барлық өнерпаздар аудандық кәсіподақ комитеті атынан бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттарға ие болды. Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бастаған қазылар алқасы көркемөнерпаздардың шығармашылық қабілеттерінің деңгейі өскенін атап өтіп, әр жанр бойынша үздік деп тапқандарын дипломдармен марапаттады.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-