ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕ
”Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің қатарына кіретін білім беру ұйымдарының келісім комиссиясының мүшелері үшін «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбында семинар өткізілді.
Аталмыш семинар «Кәсiптiк одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 17 бабының 5 тармағына сәйкес, кәсiподақ мүшелері арасында олардың құқықтық, оның ішінде еңбек заңнамасының негіздері, сондай-ақ ұжымдық шарт, келісу комиссиясының жұмысы туралы келісім ережелері бойынша сауаттылығын арттыру және білім беру саласы қызметкерлерінің күнделікті қызметіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіруге бағытталды.
Облыстық білім кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова кіріспе сөзімен ашып, туындайтын еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу үшін қаралатын мәселелердің қаншалықты маңызды және өзекті екенін жіті түсіндірді. Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымдарында құрылған келісу комиссияларының мүшелері жыл сайын Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу дағдыларын дамыту және еңбек даулары бойынша ортақ келісімге келу үшін оқудан өтуге міндетті екендігін атап өтті.
Кәсіподақ көшбасшысы өз сөзінде комиссия құрамына сайланған қызметкерлерге комиссия жұмысының уақытында орташа жалақылары сақталатынын, комиссия мүшелерін жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға және тәртіптік жаза қолдануға тек кәсіподақ комитетінің алдын ала келісімімен ғана жол берілетінін ескертті.
Айта кетейік, жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы тұрақты қызмет атқаратын орган болып табылады және кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінің бірдей санынан жасалады. Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы үш жылға дейінгі мерзімге, яғни ұжымдық шарттың немесе әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің әрекет ету мерзіміне құрылады.
Семинарда кәсіподақ заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтары, еңбек дауларының себептері, ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал туғызудағы және кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайтудағы кәсіподақ ұйымдарының рөлін қорғау туралы жан-жақты тоқталды. Кәсіподақ заңгерлері еңбек дауларының туындау себептеріне қатысты нақты түсінік беріп, келісім комиссиясы туралы ережеге баса назар аударды. Сондай-ақ, семинарда Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, келісу комиссиясының жұмыс принциптері және өкілеттіктері, келіссөздер жүргізу дағдылары, еңбек дауларын жанжалсыз шеше білу сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Семинар жұмысына 80-ге жуық келісім комиссияларының мүшелері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Тыңдаушылар семинардың практикалық пайдасын атап өтіп, ол заңнамалық арнада еңбек дауларын шешуге және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға көмектесетінін жеткізді.
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
-
Фотографии
-