
СОТТА КӘСІПОДАҚ МҮШЕСІНІҢ МҮДДЕСІ ҚОРҒАЛДЫ
Өткен жылдың аяқ шенінде Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы Атырау облысы Білім басқармасының Жылыой аудандық білім беру бөліміне қарасты №22 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі АйнагүлЖаңабайқызы Шайхина «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіне аяқтай келіп, өз өтінішін қалдырған еді.
А.Ж. Шайхина аталған мектепте 2004 жылдан география пәнінен сабақ беріп келеді. Тәжірибелі ұстаз өз міндетіне адал, әр сабағын оқушылар үшін мазмұнды, әрі ізденіске толы материалдарымен өткізеді. Облыстық салалық кәсіподақ ұйымына келген уәжі: 2022 жылы 1 қыркүйекте бекітілген тарификацияға сәйкес, 2022 – 2023 жылғы оқу жылына 24 оқу жүктемесіне қосымша қажетті маманның болмауына байланысты тағы да қосымша 9 сағат беріледі. Сөйтіп, жыл бойы мұғалім 33 сағат оқу жүктемесін орындайды. Алайда, өткен жылдың 1 маусым күні кезекті еңбек демалысына шыққан сәтте, педагогке оқу жылы басында бекітілген 24 сағатпен еңбек ақысы және сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Бұған келіспеген ұстаз кәсіподаққа өз арызын түсіреді.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі кәсіподақ мүшесі А.Шайхинаның мүддесін қорғап, Жылыой аудандық сотына шағым түсірді. Атап айтқанда, кәсіподақ мүшесіне орта мектептіңәкімшілігі оқу жылындағы каникул кезінде төленбеген 404 261 теңге еңбек ақысы және нақты жүктеме бойынша сауықтыру жәрдемақысы үшін есептелген 107 708 теңге, барлығы 511 969 (бес жүз онбір мың тоғыз жүз алпыс тоғыз теңге) төлеуді талап етті.
Биыл 29 қаңтарда облыстық салалық кәісіподақ ұйымы түсірген шағымды Жылыой аудандық соты ашық түрінде өткен сот отырысында қарап, тиісті шешімді кәсіподақтың пайдасына шығарды.
Жуырда Атырау облыстық соты Жылыой аудандық білім беру бөліміне қарасты №22 жалпы білім беретін орта мектеп әкімшілігінің апелляциялық шағымын қарап, Жылыой аудандық сотының шешімін өзеріссіз, шағымды қанағаттандырусыз қалдырды. Осылайша,кәсіподақ мүшесінің мүддесі сот арқылы абыроймен қорғалды.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі