
КӘСІПОДАҚ МҮШЕСІ ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР АТАНДЫ
Қазақ ұлттық өнер университетінің Ғылыми кеңесінің 2024 жылғы 27 наурыздағы шешімімен білім және ғылым саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, мол еңбек сіңірген кәсіподақ мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Марат Әйтімовке Қазақ ұлттық өнер университетінің "Құрметті профессоры" атағы берілді.
Жалпы, бұл жоғары атақ - жоғары оқу орнының бұрынғы немесе жұмыс істейтін оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерінің, мемлекет қайраткерлерінің, ірі бизнес өкілдерінің, ғылымның, мәдениет пен білімнің еңбек сіңірген қызметкерлерінің ерекше еңбегін, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік азаматтардың институттағы білім беру, ғылыми, шығармашылық, қоғамдық және халықаралық қызмет саласындағы сіңірген еңбегін тану үшін құрылған.
Айта кетейік, «Құрметті профессор» атағына ғылым докторы, PhD докторы, ғылым кандидаты, ғылыми дәрежесі және ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары оқу орнының дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар ұсынылады.
Марат Әйтімов — Күләш Байсейітова атындағы Республикалық вокалистер байқауының, «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің аясында өткен «Қазақстан әндері» байқауының дипломанты, Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық фестивалінің бас жүлде иегері.
Марат Олжабайұлы Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармониясының белді әншісі, А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің ұстазы.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, қазақ халқын бүкіл әлемге танытқан Димаш Құдайбергеновтің және қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары — Ерке Есмахан, Азамат Бекбергенов, Еркебұлан Құмаров, Нұрболат Абдуллин сынды әншілердің ұстазы.