КӘСІПОДАҚ ҚОЛДАУЫ
Тосыннан келген табиғат апаты кәсіподақ ұйымын бей-жай қалдырмады.
Ұйым өкілдері кәсіподақ мүшелеріне көмек көрсету, заңгерлік кеңестер беру мақсатында Әйтеке би ауданының, Темір ауданының Шұбарши, Саркөл, Алға ауданының Қарақобда, Тікқайың, Байғанин ауданының Кемерши, Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылдарындағы кәсіподақ мүшелерімен кездесті.
Кәсіподақ мүшелерімен кездесуде “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова өзінің жылы лебізін білдірді.
- Қазіргі уақытта облыстық ұйымның 600-ге жуық кәсіподақ мүшесі табиғи апаттан зардап шегіп отыр. Ел басына күн туған қиын сәтте білім қызметкерлерінің қиын жағдайға қалғандарын естіп, бей-жай қарап отыра алмадық. Айтып келмейтін табиғи апаттан зардап шегіп, қиыншылыққа ұшыраған кәсіподақ мүшелеріне қол ұшын жалғап, көмектесу – біздің парызымыз.
Су тасқынынан зардап шеккендерге қамқорлық жасау, атсалысу, әрбір адамның азаматтық парызы деп ойлаймын. Кәсіподақ және оның құрылымдық бөлімшелері қай кезде де қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созуға дайын. Апат айтып келмейді, десе де табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен әріптестерімізге қолдан келгенше көмегімізді көрсетеміз, ұстаздарымыздың басына түскен қиындықтарды бірге еңсереміз деп ойлаймын. Табиғат сынағына қарсы тұрар бірлігімізге шүкірлік етіп, жақсы күндерге үміт етейік. Ең бастысы - аман болыңыздар!, - деді.
Айта кетейік, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім салалық кәсіподағының ұсынысы бойынша Ақтөбе облысының білім беру қызметкерлеріне қайырымдылық көмек көрсету мақсатында кәсіподақ мүшелеріне облыстық білім және ғылым қызметкерелерінің кәсіподағы ақшалай көмек көрсетті.
Қайырымдылық көмекке Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы мен өзге облыстағы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдары, облыстық ұйым қызметкерлері, бастауыш және аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағалары да өз үлестерін қосты. Олар қиналған ағайынға қолдау танытып, демеу білдіру адамдық парызымыз деп санайды. Сол үшін кәсіподақ қызметкерлері бірауыздан үй-күйсіз қалған ұйым мүшелеріне көмек көрсетуді ұйғарған.
Кездесуде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының заңгерлері табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу қағидалары туралы жіті түсіндірді. Кәсіподақ өкілдері Ақтөбе облысының білім басқармасы мен “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің 6.5.3 тармағы туралы баяндады. Сонымен қатар салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер, педагог мәртебесі туралы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен талқылады. Айта кетейік, аудандардағы кездесуге әлеуметтік әріптестер қатысты.
Басқосуда білім қызметкерлері тарапынан бірақатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Кездесуге қатысқан кәсіподақ мүшелері ең алдымен, залал келтірілген баспананың қаражатын өтеу тетігі, оны әділ бағалау, өз бетінше үй салу немесе ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі сияқты өзге де мәселелерді қамтыды.
Жоғарыда аталған елдімекендерінің кәсіподақ мүшелерімен кездесуде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының атынан ақшалай сертификаттар табысталды.
Кәсіподақ мүшелері еңбек өтілі және оған байланысты еңбек демалысын беру, қоса атқарылатын жұмыс кезінде туындайтын мәселелер, біліктілік санатын алу тәртібі, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы, нормативтік оқу жүктемесі, материалдық көмек көрсету сияқты көптеген сұрақтар қойып, нақты жауап алды.
Сонымен қатар «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кəсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің еңбекті қорғау жөніндегі Нұрлан Жетпісбай Әйтеке би ауданыныңа М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің және аудандық Саз мектебінің ұжымымен кездесіп, қоғамдық бақылау жүргізді. Кездесуде еңбек заңнамасының қолдану ерекшеліктері мен кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер берді.
Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қайырымдылық көмек жұмыстары жалғасын табады.
-
Фотографии
-