ҮЗДІК ОҚЫРМАН АНЫҚТАЛДЫ
Кітап – алтын қазына. Кітаппен оқырмандарды қауыштыратын рухани орда – кітапхана. Ол оқырмандар үшін үлкен тәрбие мектебі, білімділік, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы, ақпарат, насихат орталығы. Кітап оқу – бос уақытты қызықты өткізу ғана емес, тұлға болып қалыптасуға орасан көмегі тиетін өте пайдалы іс.
Ақтөбе облысының Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен білім бөлімінің жанынан құрылған Жастар кеңесінің жоспарына сәйкес "Кітап маған тақтан да қымбат" тақырыбында "Үздік оқырман-2024" байқауы өтті.
Байқау жас оқырмандарды кітап оқу өнеріне тарту арқылы дүние танымын кеңейту мақсатында өтті. Сондай-ақ, кітаптың құндылығын арттырып, шығармашыл жастарды тәрбиелеу.
Аталған іс-шараға білім саласының қызметкерлері қатысып, кітап оқудың маңыздылығы жөнінде ой бөлісті. Байқауға аудан мектептерінің 35 жасқа дейінгі жас мамандары қатысты. Байқау 2 кезеңде өтті. "Мен оқыған кітап" тақырыбындағы бірінші кезеңде қатысушылар өзі оқыған кітапты көркем түрде жарнамаласа, "Кейіпкер келбетімен" тақырыбындағы екінші кезеңде қатысушылар кітаптың өзіне ұнаған бөлігінен кейіпкер бейнесіне еніп, үзінді оқыды.
Байқау қорытындысында бас жүлдеге Мамыт негізгі орта білім беретін мектептің мұғалімі Қаракөзайым Сламова лайық деп танылды. Жүлделі І орынға Жабасақ жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Сәулет Оразбайқызы, ІІ орынға М.Жұмабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Ақерке Төлеген және ІІІ орынға Әйке жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Күнбибі Қазбай ие болды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттары және ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
-
Фотографии
-