
ШӘКІРТІНІҢ ЖАН ДҮНИЕСІН БАУРАЙ БІЛГЕН
Білімнің жолбасшысы, шәкірттің қолбасшысы бола білген тұлғалардың бірі - Маңғыстау туризм колледжі директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Бекбаева Арай Жанатқызы.
Арай Жанатқызы ұзақ жыл «Каспий педагогика және салалық технологиялар» колледжінде арнайы пән оқытушысы қызметін атқарды. Ол өзінің жұмысқа деген тиянақтылығының және еңбексүйгіштігінің арқасында 2020 ж. колледж директорының ғылыми - әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды.
Қазіргі таңда Маңғыстау туризм колледжінде директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келе жатқан педагог-зерттеуші біліктілігі бар оқытушы.
«Ұстаз-ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек иесі» демекші, ол ыстық қайратымен бар білімін студенттер бойына сіңіретін, нұрлы ақылымен айналасына жарық сәуле шашатын, жылы жүрегімен шәкірттерінің жан дүниесін баурай білетін ұстаздардың бірі. Оның бойындағы байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабырлылық сияқты қасиеттер мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатыр.
Арай Жанатқызының еңбек жолындағы әр жетістігі түрлі марапаттармен еленді. Ол қажырлы қызметімен еліміздің білім саласын дамытуға үлкен үлесін қосып жүрген отбасының ұйтқысы, сүйікті жар, 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған мейірімді ана. Ұстаз-ананың білімге деген құшатарлығы ел алдындағы беделін биіктетті.
Жаңа заманға сай жігерлі де намысты ұл-қыздарды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қазақы болмыспен тәрбиелеуге атсалысып келе жатқан Арай Жанатқызына шығармашылық шабыт, еңбегіне табыс тілейміз!