ҰСТАЗ БОЛУ – ЖҮРЕКТІҢ БАТЫРЛЫҒЫ
Ұстаз ғылым мен білімге жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Ұстаздар ерекше азаматтық миссияны орындап, өскелең ұрпаққа тәрбие мен білімді егіз етіп, адамзатты сана биігіне жетелейді. Дәл осы ұранмен өмір жолын ұстаздыққа арнаған бүгінгі кейіпкеріміз – Орынбасарова Қамажай Орынбасарқызы.
Қамажай Орынбасарқызы Ақтау қаласының Маңғыстау туризм колледжі «Аударма ісі» мамандығының арнайы пән оқытушысы. Аяулы ұстазымыз 1974 жылы 13 желтоқсанда Түрікменстан Республикасының Дашогуз облысында дүниеге келген. Ол 1982 жылы Дашогуз қаласындағы №13 орта мектебінің табалдырығын аттайды. 1991 жылы мектепті үздік тәмамдап, жалындаған жас түлек аталмыш қаладағы Б.Сейтаков атындағы педагогикалық училищесінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Педагогикалық училищені 1995 жылы үздік аяқтап, сол жылдың қыркүйек айында өзі білім алған мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Еңбек жолында тек жұмыс жасаумен шектелмей ұстазымыз ЖОО-на тапсырады. Осылайша, 1997 жылы Ашгабатдағы Д.Азади атындағы Түрікмен ұлттық әлем тілдері институтының роман-герман факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, білікті маман атанған соң Қамажай Орынбасарқызы туған жері Дашогузға келіп, Түрікмен-Түрік лицейінде 2001-2003 жылдар аралығында жұмыс істейді.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде»,-деуінің өзі бекер емес, өйткені ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әр адамның бойында үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек ету қасиеттері болуы шарт. Білімі мен біліктілігі, шеберлігі мен тәжірибесі шыңдалған ұстаз 2003 жылы атамекені Қазақстанға қоныс аударады. Елге келген соң 2003-2006 жылдары аралығында Шымкент қаласындағы N8 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
Ұстазымыздың еңбек жолы мұнымен шектелмейді. Мектепте ұстаздық қызмет атқарғаннан кейін 2006-2012 жылдар аралығында Қамажай Орынбасарқызы Ақтау қаласына қоныс аударуына байланысты Маңғыстау «Болашақ» институтында «Жалпы білім беру пәндер» кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарады. Институт қабырғасында жұмыс жасағаннан кейін 2012 жылдан бастап еңбек жолын Маңғыстау туризм колледжінде ағылшын тілі мұғалімі болып жалғастыруда.
Ұстазымыз еңбек жолында шәкірт тәрбиелеумен қатар шығармашылық жұмыстармен де белсене айналысты. Атап айтсақ, 2018 жылы Маңғыстау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған Республикалық «Кәсіптік және техникалық білім берудегі инклюзивтік оқытудың Үздік педагогі» байқауының облыстық кезеңінде ІІІ орын жүлдегері атанды.
Мұғалімнің негізгі мақсаты —білім алушылардың шығармашылық қабілетін, өзіндік танымдық біліктілігін дамыта отырып, білім сапасын арттыруды ұйымдастыру. Әрбір мұғалім білімі мен өнегесін білім алушыға арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсайды. Осы мақсатты іс жүзінде жүзеге асыра білген Қамажай Орынбасарқызы 2023 жылы облыстық деңгейде «Transformations in the process of translation» шеберлік сабағын өткізді. Сонымен бірге, дәл осы жылы ұстазымыздың «Ағылшын тілі сабақтарында заманауи инновациялық технологияларды қолдану – студенттерді оқытуда табысқа жетудің кепілі» атты мақаласы «TOP Teachers» атты халықаралық журналында жарық көрді. 2023 жылы облыстық білім басқармасы тарапынан Қамажай Орынбасарқызына білім беру саласындағы еңбегі үшін «Құрмет» грамотасы берілді.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы! –
дәл осы жыр жолдарында айтылғандай жүректің батылдығы мен мінездің асылы мен шуағын бойына сіңірген ұлағатты ұстазымыз бүгінде білікті маман, аяулы жар, үш баланың анасы.
С.Қаңлыбаева,
Маңғыстау туризм колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы