ҰСТАЗ - ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері - Әбдіжамиева Айна Сүлейменқызы. «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», - деп Аристотель айтқандай, заманына сай білім алуды көздеген Айна Сүлейменқызы Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжінің бастауыш білім беру бөлімін меңгеріп, Халел Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Дефектология» саласы бойынша білімін жетілдірген.
Алғашқы еңбек жолын 2002-2007 жылдары Бейнеу ауданындағы Ы.Алтынсарин мектебінде іс жүргізуші қызметінен бастап, 2007-2018 жылдар аралығында «Бейнеу психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде» іс-жүргізуші, тәлімгер, мұғалім - дефектолог, әдіскер сынды лауазымдық жұмыстарды атқарған.
2019 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Түпқараған психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» мемлекеттік мекемесінде әлеуметтік-педагог, мұғалім-дефектолог, мұғалім-логопед салаларында салмақты жұмыстар атқарып, ата-аналардың алғысына бөленіп жүрген үздік маман. Бұған дәлел ретінде орталықта тәрбиеленіп жатырған әртүрлі диагноздағы білім алушылардың жеткен жетістіктерін айтуға болады. Нұрлыбекұлы Дамир, Әбдіжәли Айбек, Дүсіпұлы Шыңғысхан І деңгейден ІІ-ІІІ деңгейге көтерілген балалар. Сондай-ақ тәрбиеленушілері білім алып қана қоймай, қалалық, облыстық, республикалық шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындармен марапатталған.
«Алдында ешқандай қуанышы болмаса, адам жарық дүниеде тіршілік етіп жүре алмайды. Адам өмірінің ең жақсы атышулы қозғаушысы ертеңгі қуаныш», - деп А.С.Макаренко айтқандай, сүйікті ісімен сүйсініп айналысқан әрбір жан табысты еңбектің жемісін көретіні анық. Осы салаға деген қызығушылығының арқасында балалары жақсы нәтижеге жетіп, жүлделі орындарға ие болып жүрген өз ісінің нағыз майталманы Айна Сүлейменовна мекемедегі әдістемелік жұмыстарға да белсене араласып, жас мамандарға және ауыл, аудан балабақшаларының тәрбиешілеріне барынша қолдау көрсетіп, кәсіби тұрғыда жеткен жетістіктерімен бөлісіп, іс-тәжірибе алмасудан еш аянып қалмаған үлгілі ұстаз.
Айна Сүлейменовнаның шәкірттерімен бірге жеткен игі істері мен ата-аналар тарапынан туындаған қолдаулар – ұжым үшін үлкен абырой. Ақшұқыр дәрігерлік амбулаториясына барып, ата-аналарға ерте жастан түзете дамытудың маңызы туралы ақпараттар беріп тұрады.
Шәкірт тәрбиелеу – жауабы да сауабы зор іс. Шәкірт бойына еңбексүйгіштік, табандылық тәрізді қасиеттерді сіңіру үшін аянбай еңбек етуіміз қажет-ақ. Еңбек – қуаныш пен шаттықтың көзі. «Мұғалім өз ісіне жан — тәнімен берілген артист, суретші болуы тиіс» - деп А.П.Чехов айтқандай, шәкірт тәрбиелеуде мақсат қою, жоспарлау, оны орындау сияқты кезеңдер қамтылады.
2022 жылы республикалық арнайы білім беру ұйымдарының «Үздік педагогы» конкурсының облыстық кезеңінде Айна Сүлейменовна І орынды иеленіп, республикалық кезеңде Құрмет грамотамен марапатталды. Республикалық сырттай байқауларға, мекемеішілік әдістемелік шараларға белсене қатысып жүрген жүлдегер. Айна Сүлейменовна бастаған жұмысын жүйелі жоспарлап, оқу қызметінде өз қолынан дайындаған көрнекіліктер мен жаңа технологияларды бір-бірімен ұштастырып, кеңінен ұтымды қолдана білетін білікті тұлға. Ісіне адал, үнемі ізденіс үстінде жүріп, бір ғана емес, бірнеше шаруаны тындырып жүретін өте еңбекқор, айналасына қамқор, табысты жан. Білгенін өзгеге үйретіп, өзімшілдікке салынбайтын, жүзі жарқын, пейілі кең адам.
«Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді болады» деп тегін айтылмаса керек. Өз мейіріміңді күн сәулесіндей аямай төгіп, шәкірт те пейілденіп тұрса, одан өткен бақыт бар ма?! «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп Мұхтар Әуезов атап көрсеткендей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге қарай дамуына бағыт-бағдар беріп, жас ұрпақтың қоғамға қажет екендігін ұғындырумен қатар биік белестерге жетуге ұмтылуына себепкер болып жүрген талапшыл оқытушы. Өз ісіне үнемі жауапкершілікпен қарайтын Айна Сүлейменовна сүйікті жар, аяулы ана, қадірлі ұстаз!
Ж.Тұрланова ,
«Түпқараған психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» мекемесінің әдіскері.
Маңғыстау облысы.