БІЛІМ ОРДАСЫНА - 20 ЖЫЛ
”Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің өкілдері Ақтөбе техника-технологиялық (техникалық) колледжінің жиырма жылдығына арналған шараға қатысты.
Аталған білім шаңырағы осы жылдар ішінде терең де тағылымды тарихи жолдан өтіп, биік белестерді бағындырды. Бүгінде материалдық-техникалық базасы нығайған, педагогикалық кадрлар әлеуеті жоғары, іргелі де бірегей оқу орнына айналды. Іргелі оқу орнының жетістіктерімен танылып, биік деңгейде көрінуіне аталған білім мекемесінде аянбай еңбек еткен ұйымшыл ұжымның үлесі зор.
Осы бір айтулы қуанышты бөліскендер қатарында ардагерлер, оқытушылар, әлеуметтік әріптестер, түлектер және өзге де меймандар болды.
Мерекелік шара барысында білім мекемесінің тарихы мен ардагер ұстаздардың өткен өмірінің естеліктерінен сыр шерткен бейнеролик көрермен назарына ұсынылды.
Мерейтойдың салтанатты бөлімінде Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Оқу ағарту министрінің, Ақтөбе облысы әкімінің, білім басқармасының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын табыстады.
Салтанатты шара барысында бірқатар кәсіподақ мүшелеріне құрмет көрсетілді. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің маманы Айжарық Серімбетов кәсіподақ көшбасшысы Раушан Серікованың құттықтауын жеткізді. Сөз соңында колледж директоры Людмила Кимге «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін және Ақтөбе техника-технологиялық (техникалық) колледжінің кәсіподақ мүшелеріне 300 000 теңге қаржы сертификатын табыстады.
Мерекелік шараға қатысқан меймандар ізгі тілектерін білдіріп, барша ұжымға шығармашылық табыс, жас ұрпаққа білім нәрін себудегі ұстаздар жұмысына сәттілік, еңбектеріне жеміс тіледі.
Жиналғандар алдында студенттер ән салып, би билеп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
-
Фотографии
-