КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ ЫРҒЫЗ АУДАНЫНДА БОЛДЫ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің өкілдері кәсіподақ мүшелеріне көмек көрсету, заңгерлік кеңестер беру мақсатында Ырғыз ауданының білім саласының өкілдерімен кездесті.
Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде өткен кездесуде “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова өзінің жылы лебізін білдірді.
- Қазіргі уақытта облыстық ұйымның 600-ге жуық кәсіподақ мүшесі табиғи апаттан зардап шегіп отыр. Осындай сәтте білім қызметкерлерінің қиын жағдайға қалғандарын естіп, бей-жай қарап отыра алмадық. Айтып келмейтін табиғи апаттан зардап шегіп, қиыншылыққа ұшыраған кәсіподақ мүшелеріне қол ұшын жалғап, көмектесу – біздің парызымыз. Су тасқынынан зардап шеккендерге қамқорлық жасау, атсалысу, әрбір адамның азаматтық парызы деп ойлаймын. Кәсіподақ және оның құрылымдық бөлімшелері қай кезде де қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созуға дайын. Апат айтып келмейді, десе де табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен әріптестерімізге қолдан келгенше көмегімізді көрсетеміз, ұстаздарымыздың басына түскен қиындықтарды бірге еңсереміз деп ойлаймын. Табиғат сынағына қарсы тұрар бірлігімізге шүкірлік етіп, жақсы күндерге үміт етейік. Ең бастысы - аман болыңыздар!, - деді.
Сөз соңында кәсіподақ көшбасшысы Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының атынан Ырғыз ауданының 117 кәсіподақ мүшесіне ақшалай сертификаттар табыстап, су тасқыны кезінде көмек көрсеткен әлеуметтік әріптестерге шипажайға жолдама тарту етті.
Кездесуде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының заңгерлері табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу қағидалары туралы жіті түсіндірді. Сондай ақ, Ақтөбе облысының білім басқармасы мен “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің 6.5.3 тармағы туралы баяндады. Сонымен қатар салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер, педагог мәртебесі туралы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен талқылады. Айта кетейік, аудандардағы кездесуге әлеуметтік әріптестер мен аудан басшылығы қатысты.
Басқосуда білім қызметкерлері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.
Іссапар барысында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кəсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің еңбекті қорғау жөніндегі Нұрлан Жетпісбай Ырғыз ауданының №2 жалпы білім беретін орта мектепте және Әйтеке би ауданының Т.Шевченко атындағы жалпы орта білім беретін мектепте болып, қоғамдық бақылау жүргізді. Қоғамдық бақылау кезінде кәсіподақ заңгері еңбек заңнамасының қолдану ерекшеліктері мен кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер берді.
Еске сала кетейік, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім салалық кәсіподағының өкілдері осы уақытқа дейін Ойыл, Қобда, Әйтеке би ауданында және Темір ауданының Шұбарши, Сарыкөл, Алға ауданының Қарақобда, Тікқайың, Байғанин ауданының Кемерши, Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылдарындағы су тасқынынан зардап шеккен білім саласының қызметкерлерімен кездесіп, заңгерлік кеңестер берді.
-
Фотографии
-