ЕҢБЕК ЕЛЕНДІ, ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Жас өрендердің бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты сіңіріп, оларды тұлғалық азамат етіп қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі орасан. Әр шәкіртінің санасына сәуле шашып, егемен еліміздің тұтқасын ұстар білімді, сауатты да салауатты ұрпақ тәрбиелеуге бар күш-жігерін салып жүрген ұлағатты ұстаздарды ұлықтау — Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының дәстүріне айналды.
Салалық кәсіподақ биыл да игі үрдістен айнымай, 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша аймақтың үздік ұстаздарын марапаттады. Дәстүрлі марапаттау шарасы тимбидинг форматта қала сыртындағы демалыс кешенінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Лайықты еңбек жылы», Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығы мен оқу жылының қорытындысына орай өткізілді.
«Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» тақырыбындағы мерекелік шара аясында білім беру саласындағы жемісті еңбегі, педагогикалық шеберлігі және жаңартылған білім беру технологияларын дамытудағы шығармашылық жетістіктері үшін 150-ге жуық ұстаз, атап айтқанда пән мұғалімдері, кәсіптік техникалық қосымша білім беру ұйымдарының және қосыша білім беру ұйымдарының, мектепке дейінгі мекемелер мен білім саласының қызметкерлері облыстық білім басқармасының бірлескен Алғыс хатымен марапатталды. Марапат иелері жазғы демалыста «Көктем», «Сосновый бор» шипажайларында ем алып, денсаулықтарын нығайтатын болады. Сонымен қатар Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық Келісімнің 11.8 тармағына сәйкес «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» және «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгілерімен әлеуметтік әріптестер мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болды.
Болашақтың жарқын айнасы - жастар. Кәсіподақ қашан да ел ертеңі, ұлт үмітін арқалаған жастарды қолдайды. Осы мақсатта білім саласында табысты еңбек етіп жүрген жас мамандарға да мерекелік кеште марапаттар тапсырылды. Өңірдің 20-ға жуық жас маманы Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа мүмкіндік алды.
Салтанатты шараға жиналған педагогтерді облыстық ұйымының төрағасы Раушан Серікова құттықтап, кәсіподақ ұйымының оқу жылында атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталды.
- Бүгінгі таңда білім және ғылым кәсіподағы мүшелерінің саны 33 мыңға жуықтайды. Біздің басты мақсатымыз — ең алдымен, еңбек адамының мұң- мұқтажын, мақсат-мүддесін қорғау. Еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік- экономикалық қолдау көрсету, ұжымдағы еңбек дауларын оңтайлы шешу, мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін асыру болып табылады.
Оқу жылында кәсіподақ ұйымы 3000-нан астам педагогке құқықтық кеңес беріп, құқықтық көмек көрсетті. Экономикалық тиімділік көрсеткіші — 8 млнға жуық теңгені құрады. Яғни, кәсіподақ ықпалымен аймақ ұстаздарының пайдасына көлемді қаражат өндіріліп, жылдар бойы төленбей келген үстемеақылар қайтарылды. Өткен жылы 1600-ге жуық кәсіподақ мүшесі еліміздің емдеу-сауықтыру орындарында демалып денсаулығын түзесе, оқу жылынан бері 2000-нан астам білім қызметкерлері сауықтыру шарасымен қамтылып отыр.
Кәсіподақ жұмысының бір саласы – кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көрсету. Сол мақсатта үйлері өртеніп немесе судан зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне аудандық және облыстық кәсіподақ тараптарынан да көмектер көрсетілуде. Осы ретте айта кетейін, көктем айында тосыннан келген табиғат апаты кәсіподақ ұйымын бей-жай қалдырмады. Білім және ғылым қызметкерлерінің қиын жағдайға қалғанын естіп, қол қусырып қарап отыра алмадық. Облыстық ұйымның 600-ге жуық кәсіподақ мүшесі табиғи апаттан зардап шегіп, әріптестерге кәсіподақ тарапынан қайырымдылық көмек көрсетілді.Қайырымдылық көмекке Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы мен өзге облыстағы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдары, облыстық ұйым қызметкерлері, бастауыш және аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағалары да өз үлестерін қосты. Алдағы уақытта осы аталған бағыттарда жұмысымызды жалғастырамыз,- деді Р.Серікқызы.
Мерекелік басқосуда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева сөз сөйлеп, ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен және марапаттарымен құттықтады. Әлеуметтік әріптестік аясында атқарылған игі жұмыстары үшін кәсіподақ ұйымына алғысын білдірді.
Ән әуелеп, күй күмбірлеген шара барысында шығармашыл ұстаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұсынылды. Кәсіподақ жастары жырдан шашу шашып, қошеметке бөленді.
Табиғат аясында өткен мерекелік басқосуда кәсіподақ жастары арнайы эстафеталық ойындар мен сұрақ-жауаптар ұйымдастырды. Сондай-ақ, педагогтердің эмоционалды көңіл-күйлерін көтеру, кәсіби шеберліктерін арттыру және топтасып жұмыс істеуді дамыту мақсатында Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының мамандары психологиялық тренингтер өткізді.
Шараға «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының директоры Жәния Есенжолова мен Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының директоры Гүлайым Аяповалар қатысты.
Бала тәрбиесінде айрықша еңбек етіп жүрген мұғалімдер марапат биігінен көрінді. Бала бағбаны атанған ұстаздар үшін таза ауадағы тынығу ерекше әсер сыйлады.
-
Фотографии
-