КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ ШИПАЖАЙМЕН ҚАМТЫЛДЫ
Жыл сайын білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелеріне шипажайларда демалуға сертификаттар табысталады. Осы орайда жазғы демалыс кезінде Ақтөбе қалалық білім мекемелерінің 150-ден астам кәсіподақ мүшесі денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік алып отыр. Жазғы демалысқа шыққан кәсіподақ мүшелері облыстық кәсіподақ ұйымының қолдауымен Қостанай қаласындағы «Сосновый бор» шипажайында демалуда.
Арақарағай орманымен астасқан «Сосновый бор» шипажайының ауасы ең алдымен жүрек-қан тамырлары ауруларына мың да бір ем. Мұны дәрігерлер «табиғи барокамера» деп атайды. Санаторий дәрігерлері жүрек-қан тамырлары ауруының созылмалы жүрек талмасы, гипертония, стенокардия сияқты кең тараған түрлерімен ауыратындарға, ұйқысы қашатындарға Арақарағай орманының фитонцидтерге қанық ауасында көбірек жүруге кеңес береді. Соңғы жылдары мұнда жүрегіне операция жасағандар ағзасын нығайту үшін де келеді екен.
Естеріңізде болса, оқу жылының қорытындысына орай салалық кәсіподақ егемен еліміздің бәсекеге қабілетті ұрпағын оқыту мен тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсап, білім беру кеңістігінде ұзақ уақыт еңбек етіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген білім және ғылым саласының қызметкерлеріне емдеу-сауықтыру орталығына жолдама тарту еткен болатын.
«Бұл мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетуге бағытталған шара деп білеміз. Ұстаздарға құрмет көрсетіп, денсаулығымызды нығайтуға, ел көріп, бой сергітуге мүмкіндік берген кәсіподаққа алғысымыз шексіз»,- дейді кәсіподақ мүшелері.
Айта кетейік, өткен жылы 1600-ге жуық кәсіподақ мүшесі еліміздің емдеу-сауықтыру орындарында дем алып денсаулығын түзесе, биыл жыл басынан бері 2000-нан астам білім саласының қызметкерлері емдеу-сауықтыру шарасымен қамтылып отыр.
-
Фотографии
-