ЫРҒЫЗДЫҚ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТА
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының кәсіподақ мүшелері жазғы демалыс кезінде «Мерке», «Сосновый бор», «Сарыағаш», «Шипагер» шипажайларында тынығып, ем алып келді. Жыл бойы тынбай еңбек еткен кәсіподақ мүшелеріне керемет демалыс сыйлаған — Ырғыз аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы.
Аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы білім саласында табысты еңбек етіп жүрген кәсіподақ мүшелеріне емдеу-сауықтыру орталығына тегін жолдама табыс еткен болатын.
Жоғарыда аталған шипажайлардың басты ерекшелігі — балшықпен емдеу. Бұл емдік балшық әртүрлі биологиялық белсенді заттармен байытылған. Оның құрамында ферменттер, витаминдер, гормонға ұқсас заттар және пайдалы микрофлора бар. Шипажайларда родон суымен душ, ванна қабылдау, емдік электронды массаждар, ине терапиясы, галотерапия, аэроионотерапия, парафиноозокерит, фитобочка, түрлі фито шәйлармен ем жүргізіледі.
«Мұғалім мәртебесі - қоғамның абыройы. Ұстаздардың мерейін өсіріп, шипажайда демалып, денсаулығымызды нығайтуымызға көңіл бөліп отырған аудандық кәсіподаққа алғысымыз шексіз», - дейді ырғыздық педагогтар.
Одан бөлек ырғыздық кәсіподақ мүшелерінің бір легі Ақеспеде болды. Жалпы, Ақеспе – Арал ауданы орталығынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан кішігірім балықшылар ауылы. Ауыл аумағынан шығып жатқан емдік суды жергілікті жұртшылық «Ыстық су» атап кеткен. Ақеспе ауылының маңынан мың метрден астам тереңдіктен шығып жатқан судың ыстықтығы 60 градустан кем емес. Басындағы жадынамасында тері, буын, жүйке ауруларына, салқын тигенде пайдалы деп көрсетілген. Шипалы суға келушілер қарасы әр жылда мамыр айынан бастап жаздың соңына дейін толастамайтын көрінеді. Жаз уақытында өз бетінше шатыр тігіп, демалысты бұлақ басында өткізуге келетіндер де болып тұрады екен.
Биік белестерді бағындырып, асқақ абыройға бөленген кәсіподақ мүшелерінің ерен еңбектері қашан да лайықты бағаланары сөзсіз...
-
Фотографии
-