ЖАМБЫЛДА АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының 2024-2025 оқу жылындағы Атқару комитетінің алғашқы отырысы өтті. Алқалы жиынға Кәсіподақ филиалдары мен тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлім жетекшілері, құқықтық еңбек инспекторлары мен комитет мүшелері қатысты. Ерұлан Мағзымбековтың төрағалығымен өткен жиында кәсіподақтықтар алғашқы болып Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың 2 қыркүйекте жасаған Жолдауын талқылап, одан туындайтын міндеттер туралы ой бөлісті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси маңызды құжатта ел дамуының сыртқы саяси, экономикалық және әлеуметтік векторларына тоқталды. Бүгінде белең алған интернет-алаяқтық, жол апаттары, әскердегі тәртіп, наркобизнеске қарсы күрес, медициналық сақтандыру жүйесінің кемшілігі, педагогикалық және медициналық кадрлардың тапшылығы сынды түйткілдер Президент белгілеген тоғыз бағытта түгел қамтылды. Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқаратынын да айтты. Мектептердің жұмысын жақсарту, ал мұғалімдердің біліктілігін арттыру мен әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлу қажет деді. Біз осы тұста өзімізге заңмен берілген құзыреттер шегінде аянып қалмауымыз керек. Себебі, Әділетті Қазақтанға адал маман дайындау ісі мектептен бастау алады, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Талқылау барысында кәсіподақ көшбасшылары Президент Жолдауында көрсетілген маңызды бағыттарға өз пікірлерін білдіре отырып, келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанын, кәсіптік білім беру саласына реформа жасау арқылы экономиканың өсімін қамтамасыз ету, сол арқылы жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, жастардың еңбекқор және нағыз маман болуға ұмтылу идеясын қолдап, қуаттайтындықтарын жеткізді.
Жиында Талас және Байзақ аудандары бойынша кәсіподақтық құқықтық еңбек инспекторлары Жасұлан Салқынбеков пен Ләззат Айтқұлованың сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау жұмыстары бойынша есептері тыңдалып, 2023 жылғы сауықтыруды ұйымдастырудың бастапқы қорытындылары шығарылды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фотографии
-