МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНЫҢ БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС БЕРІЛДІ
Салалық кәсіподақ білім беру ұйымдарындағы өз мүшелерінің құқығын қорғау, еңбек заңдылықтарының сақталуын жіті назарда ұстайды. Мұғалімдер мен өзге де қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайларының жақсаруына, құқығының қорғалуы на әркез көмек беріп, қолдау көрсетеді. Бұл жұмыстар, әрине, әлеуметтік әріптестермен бірге атқарылуда. Өңір педагогтерін толғандырған мәселелер әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің аясында оң шешімін тауып келеді.
ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылған онлайн семинарда алдымен Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова ҚР Педагог мәртебесі туралы заң аясында атқарылуы тиіс мәселелерге тоқталды. Аталған ұйымның бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев пен еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау жөніндегі маман Нұрлан Жетпісбай Мұғалжар ауданының оқу ұйымдары қызметкерлеріне заңгерлік кеңестерін берді.
Семинарда әлеуметтік әріптестік туралы салалық және облыстық келісім бойынша педагогтардың оқу жүктемесін бөлу, санат бойынша педагогтерге ақы төлеу мәселесі қамытылды.
Онлайн семинарға Мұғалжар ауданының 60-қа жуық білім беру ұйымдарының басшысы мен олардың орынбасарлары және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, педагогтер қатысты. Қатысушылар тарапынан іссапар шығындарын төлеу, оқу жүктемесін есептеу, іс қағаздарын жүргізу және еңбек заңдылықтары бойынша сұрақтар қойылып, оған нақты жауаптар берілді.
Айта кетейік, алдағы күндері кәсіподақ ұйымы өкілдерінің заңгерлік кеңестері облыстың басқа аудандарында да жалғасын табады.
-
Фотографии
-