ҰЛТ САПАСЫН ҰСТАЗДАР АРТТЫРАДЫ
«Еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың сұрақтары» тақырыбына арналған Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының әдістемелік десанты Қордай ауданында болды. Аудандық мәдениет үйінде білім саласы қызметкерлері, білім мекемесі басшылары мен кәсіподақ көшбасшыларының қатысумен өткен жиында ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауынан туындайтын білім саласы қызметкерлерінің міндеттері талқыланды.
Жергілікті кәсіподақ төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков сөз басында Жолдауда Мемлекет басшысы екпін беріп білім саласын дамыту, педагогтардың мәртебесін арттыру мен әлеуметтік қолдау мәселелеріне тоқталды.
- Мемлекет басшысының «Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет» деген сөзі педагогтарға, білім саласы қызметкерлеріне артылған жүк деп қабылдағанымыз дұрыс. Президент айтқандай, өз кәсібін жетік меңгерген ұстаздар ғана ұлт сапасын арттыратыны ақиқат. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге барынша атсалысудамыз. Оның бір көрінісі - облыстық білім басқармасы мен Жергілікті кәсіподақ ұйымы арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісім, - деген кәсіподақ төрағасы бұл құқықтық актті қабылдауда кәсіподақ ұйымы тегеурінді жұмыс істеп, әлеуметтік пакеттер легін педагогтар мен саладағы қызмет көрсетуші қосымша қызметкерлерге арнағанын жеткізді.
Бұдан соң Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова тыңдаушыларды Келісімнің мазмұнымен таныстырып, әр тарауға жеке-жеке тоқталып өтті.
- Жасы зейнеткерлікке 4 жылдан аз қалған педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады. Тағайындалған біліктілік санаты оның берген өтініші негізінде зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін педагогикалық қызметті жүзеге асыруды жалғастыратын зейнеткерлік жастағы педагогтер, аттестаттау рәсімін қызметінің нәтижелерін кешенді қорытындылау жолымен өтеді, бейіні бойынша 30 (отыз) және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтердің біліктілік санатын растауда ПББ-дан өту талап етілмейді. Зейнеткерлік жасқа толған жұмыс жасайтын педагогтың аттестаттаудан жалпы негізде өтуден бас тартқан жағдайда біліктілік санаты бір деңгейге төмендетіледі, - деді заңгер өз сөзінде.
Сонымен бірге, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, арнайы (түзеу), қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне біліктілік санатының берілуіне не расталуына сәйкес еңбекақы төлеу деңгейі оқу жылының 1 қыркүйегінен басталатынын, ал педагогикалық қызметкерлердің біліктілік санаттарын ұзарту (сақтау, төмендету) туралы шешімдер, аттестациялық комиссия шешімінің негізінде, жұмыс берушінің актісімен қабылданып, рәсімделетінін айтты.
- Аттестаттау комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда қызметкер ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгіне алады, - деді Әлия Джолшибекова.
Бұдан бөлек ХІІІ тараудың әрқайсысына жеке-жеке түсіндірме берілген соң салалық заңнама, Келісім және Ұжымдық шарттар бойынша туындаған сұрақтарға арналған сұрақ-жауап сағаты өтіп, қатысушылардың сауалдарына заңгер Жанболат Орынбеков бастаған модераторлар жауап берді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-