ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ КЕЛІСІМНІҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен облыстық білім басқармасы мен Жергілікті кәсіподақ арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісім мен Ұжымдық шарттың нормаларын түсіндіру мақсатында Жуалы ауданында облыстық семинар өтті. «Еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбындағы семинарға аудандағы барлық білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері және қаржы-экономикалық қызмет мамандары қатысты.
Семинарды Жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, іс-шараның мақсатымен, күн тәртібімен таныстырды.
- Мемлекет басшысы Жолдауда орта білім мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының міндеттері туралы көтерілген көкейтесті мәселелерге тоқталғанда мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлу керектігін айтты. Иә, қанша үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Осы орайда, білім басқармасымен бірлесе отырып ұстаз мәртебесін көтеру, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда. Соның бірі - 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісім, - деді Кәсіподақ төрағасы.
Бұдан соң Кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова аталған Келісімнің мазмұнымен, артықшылықтарымен таныстырды. Келісімнің 5-тарауы – «Жұмыс уақыты және демалыс уақыты» туралы айта келе бірқатар өзгерістерді атап өтті.
- Тамыз және қазан айларының аралығында жұмысқа қабылданған педагогтерге оқу жылы аяқталған соң, бірінші жұмыс жылы үшін төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы толық көлемде беріледі. Қызметкерге жазғы каникул кезеңінде демалысты, оның өз жазбаша келісімі болмаса, нақты жұмыс атқарған мезгілі үшін беруге жол берілмейді. Ал ҚР ЕК 89 б. 1 т. 1 т.т. сәйкес зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда қамтылған қызметкерлерге және ҚР ЕК 89 б. 1 т. 2 т.т. сәйкес бірінші және екінші топ мүгедектеріне ұзақтығы алты күнтізбелік күннен кем болмайтын мөлшерде жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысы беріледі. Сонымен қатар, жұмыс беруші бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына да 3 күнтізбелік күнді құрайтын мөлшерде қосымша ақылы еңбек демалысын береді, - деді Әлия Джолшибекова.
Семинарда педагогтерді лауазымға тағайындау, білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау, аттестациядан өту ерекшеліктері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді қолдану сұрақтары бойынша сөз алған Кәсіподақтың Біріккен комитетінің төрағасы Жанболат Орынбеков қатысушылар тарапынан қойылған көртеген сұрақтарға жауап берді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-